25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз бастағаннан кейінгі сүннеттер

Намаз бастағаннан кейінгі сүннеттер

Намаз

Алғашқы ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру.

Құлақ қаққан кезде, ер адамның бас бармақты құлақтың жұмсағына дейін, ал әйел кісінің екі қолды иықтан асырмай кеуде тұсына дейін көтеруі және алақанды құбылаға қаратуы – сүннет.

Тәкбірде қолды көтеру естімейтін адамдарға намаздың басталғанын білдіру үшін маңызды.

Уәйл ибн әл-Хажар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намазға тұрған кезде тәкбір айтып, екі қолын құлақ тұсына дейін көтергенін көргенін айтқан8. Тағы бір хадисте Бәра ибн Азиб (радиаллаһу анһ): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәкбір айтқан кезде, екі қолын құлағының тұсына дейін көтерді», – дейді.

Тәкбір алғаннан кейін дереу қол байлап, кіндік астына қою.

Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті қысып, кіндік астына қояды. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.

Алқама ибн Уайл ибн Хажар әкесі Уайл ибн Хужрдың былай дегенін жеткізеді: «Мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оң қолын сол қолының үстіне және кіндік астына қойғанын көрдім».

Ибраһим (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Намазда оң қолды сол қолдың үстіне орап, кіндіктің астына қою керек».

Әзірет Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне және кіндіктің астына қою – сүннет», – делінген.

Имам Тирмизи былай дейді: «Білімді сахабалар мен табиғиндер және олардан кейінгілер осылайша амал қылған. Олардың айтуынша, намазда тұрған адам оң қолын сол қолының үстіне қою керек. Ғалымдардың кейбіреуі қолды кіндік үстіне қою керек десе, ал қалғандары қолды кіндік астына қоюдың дұрыстығын жақтаған. Сондықтан хадисшілер үшін бұлардың барлығы рұқсат етілген».

Қиямда тұрғанда, екі аяқтың ара қашықтығын төрт елі көлемінде ұстау.

Намазда екі аяқ арасын қолдың төрт саусағы көлеміндей арақашықтықта ұстайды. Бұлай ету намаздағы ықыласты арттырады. Жиі кездесетін жағдай – аяқты өзгенің аяғына тақап тұру. Алайда бұл егер намаз ішінде жиі қайталанып, сол үшін аяғын жылжыта беруге себеп болатын болса, өзгенің намаздағы ықыласын бұзады. Бұл жердегі маңызды болған мәселе – намазда аяққа емес сәжде ететін жерге көңіл бөлу әрі сол жерге көзді салып тұру. Сондықтан аяқтың арасын төр саусақ көлеміндей ашық еткеннен кейін, басқаға мән бермей сәжде ететін жерге қарап намазды ықыласпен оқу – ең дұрысы.

«Субханәкә» дұғасын оқу.

Ифтитах тәкбірінен кейін құпия түрде «Субханәкә» дұғасын оқу – сүннет.

«Субханәкә» дұғасы: «Субханәкә Аллаһуммә уә бихамдикә уә тәбәракәсмукә уә тағала жәддукә уә лә иләһә ғайрукә».

Ибн Масғуд: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы дұғаны оқитын», – деген.

Субханәкәдан кейін «Әғузу билләһ» оқу.

Құранда: «Құран оқыған кезде (Алланың рақымынан) қуылған шайтаннан Аллаға сиын» , – делінген. Ол «Әғузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» (Алланың рақымынан қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын) деп айтылады.

«Әғузу билләһ»-ты айтқаннан кейін «бисмиллә» деп айту.

Бисмилләні әр рәкаттың басында айту – сүннет. Толық айтылуы: «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» (Рахман әрі Рахим Алланың атымен бастаймын).

«Субханәкә», «Әғузу билләһ» және «Бисмиллә» жасырын, іштей оқылады.

Әнас ибн Малик (р.а): «Мен Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Әбу Бәкірмен, Омармен және Османмен намаз оқыдым. Олардың «бисмиллә»-ні дауыстап айтқанын естімедім», – деген. Яғни «бисмиллә» дауыстап емес, іштей оқылған.

Тағы бір хадисте Әбу Уайл (радиаллаһу анһ): «Али мен Абдулла ибн Масғуд «Бисмиллаһир-рахманир-рахим»-ды, «Әғузу билләһ»-ты және «Әмин»-ді дауыстап оқымайтын», – деген.

«Фатиха» сүресін оқығаннан кейін «әмин»-ді іштей айту – сүннет.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Имам «әмин» дегенде, сендер де «әмин» деңдер. Кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» дегеніне сай келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген.

Бір хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Имам «ғайрил-мағдуби аләйһим уә ләддаллин» деген уақытта, сендер де «әмин» деңдер. Себебі періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген.

Ханафи ғалымдары хадистегі «имам да «әмин» дейді» сөзін негізге алып, «әмин»-ді іштей айту сүннет деген. Себебі егер имам «әмин» сөзін жария айтатын болғанда, Пайғамбарымыздың «имам да әмин дейді» деп, имамның да «әмин» дейтіндігін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Сондықтан имам бұл жерде жасырын айтқан.

Алқама ибн Уайл әкесінен (р.а): «Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқыдым, «ғайрил мағдуби аләйһим уә ләддаллин» дегенде, ол «әмин» деп жасырын айтты», – деген хадисті жеткізген.

Таң намазында имамның бірінші рәкатты екінші рәкатқа қарағанда ұзынырақ оқуы – сүннет.

Таң намазының алғашқы рәкатында қыраатты ұзынырақ оқыса, намазға үлгерушілерге тиімді. Өйткені ұйқыдан тұрып, дәрет алып, таң намазына үлгеру үшін біршама уақыт керек. Бұған дәлел Әбу Қатада жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бесін намазының алғашқы екі рәкатында «Фатиха» сүресімен бірге екі зәм сүре қосып оқитын, алғашқысын ұзақ, келесісін қысқа қайыратын. Кейде оқыған аятын естілетіндей етіп оқитын. Соңғы екі рәкатта «Фатиха» сүресін оқитын. Сондай-ақ намаздыгер намазында да «Фатиха» сүресімен бірге алғашқысын ұзын, келесісін қысқа қайырып, екі зәм сүре қосып оқитын. Ал таң намазын оқығанда, алғашқы рәкатын ұзын созып, ал екінші рәкатты қысқа қайыратын», – дейді.

материал «Намаздың 40 сүннеті» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: