Меккедегі қажылықта жүрген ел мұсылмандары Арапат аймағында «Бір мезетте – бір ниет» дұға жасау рәсімін өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Қажылық миссиясының ақпарат бөлімі.
Игі шараны Қажылық миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиев жүргізді. «Бүгін баршамыз үшін елеулі сәт, дұға қабыл болатын мезгіл. Халқымыздың бірлігі мен еліміздің игілігі үшін дұға жасау – әрбір мұсылманның асыл міндеті деп санаймын. Алла Тағала жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етіп, Отанымызға аман-есен оралуды нәсіп еткей. Қажылықтарыңыз қабыл болсын» деп атап өтті Ғ.Жәдігерұлы.
Дұға жасау рәсіміне қатысқан ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы Әбсаттар Смановтар көпшілік алдында Жаратқаннан жарылқау тілесе, Қажылық Миссиясының мүшесі, ғалым Ерсін Әміре дұға етудің артықшылығы, құлшылықтағы шынайы ниет тақырыбында уағыз айтты.
ummet.kz-ақпарат
Суреттерді түсірген – Қайсар Тұрлыбеков