7 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz – Ақпанның ақырған аязы мен бет қаратпас бораны күн санап күшейген сайын, ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің бастамасымен іске қосылған «Астана – мейірімді қала» жобасына атсалысуға асыққан жамағаттың да саны артып келеді, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Бірнеше күн бойы Астана мешіттерінің қызметкерлері мен жамағатты жұмылдыру арқасында тегін такси қызметі қосылып, жолда қалған жүргіншілерге көмек көрсетілуде.
Бұдан бөлек, Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен бірнеше мәрте көше тазалықшыларына ыстық тамақ таратылып, жүректерге жылу сыйлаған шара өткізілген болатын. Айта кетейік, игілікті бастаманы Астана қаласындағы барлық құлшылық ордалары іліп әкетіп, кешегі күнге дейін 200-ге жуық қоғамдық жұмысышларға ыстық тамақ беріліп, қамқорлық жасалған болатын.
Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері осы шараны тағы да жандандырып, қала көшелерін аралап қайтты. Арнайы көлікпен ыстық шай пен тамақ жеткізген мешіт қызметкерлері көше тазалықшылары тамақтанып жатқан кезде қолдарына күректерін алып, жұмыстарына қолғабыс жасады.
Айта кетейік, «Астана – мейірімді қала» жобасы аясындағы ыстық тамақ тарату шарасы бүгін Елордамыздағы төрт мешітте ұйымдастырылып, жалпы саны 120 жұмысшыны қамту жоспарланған.