17 мамыр. Астана. Ummet.kz – Елорда мешіттерінде биылғы Рамазан айының алғашқы ауызашары берілді, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Бүгін әлем мұсылмандары қасиетті Рамазан айының алғашқы күнін өткізіп, ауыз ашуда. Ел мешіттерінде арнайы ауызашар дастархандары жайылуда. Мешіт жанында ауызашар беру Елорда мешіттерінде де жыл сайын тұрақты атқарылар іс-шаралар қатарында үрдіске айналған. Биыл да өкілдікке қарасты қала мешіттерінде ауызашар дастархандары жасалып, 1200-ден астам адамға тағам үлестірілді.
«Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып тамақ беріп аузын аштырса – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Хадис өнегесін басшылыққа алған «Нұр Астана» орталық мешітін Рамазан айына өзгеше дайындықпен кірісті. Ресторан үлгісінде екі бірдей Рамазан шатыры тігіліп, мешіт жанынан ауыз ашуға мүмкіндік жасалды. Алланың ризалығы үшін ораза ұстаған жамағатқа ауызашар дастарханы жайылды. «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай жиналған жамағатқа ораза айының қадір-қасиеті мен ораза ұстаудың дүние-ақыреттік пайдасы жайында тұщымды уағыз-насихат айтты.
Айта кетсек, Рамазан айында қала мешіттерінде күн сайын халыққа, қала қонақтарына және жамағатқа арнап тегін ауызашарлар ұйымдастырылады. Мәселен, «Нұр Астана» орталық мешіті 400 адамға, сондай-ақ, «С.Ғылмани» мешітінде 250 адамға, «Әл-Ғани» мешітінде 200 адамға, «Әлжан ана» мешіті 150 адамға, «Төлебай» мешітінде 50 адамға, «Шейх Кунта қажы» мешітінде 50 адамға, «Әс-Сәлам» мешітінде 70 адамға арнап ауызашар дастархандары жайылады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
"СӘДУАҚАС ҚАЖЫ ҒЫЛМАНИ" МЕШІТІ:
"ӘЛЖАН АНА" МЕШІТІ:
"ТӨЛЕБАЙ" МЕШІТІ:
"ШЕЙХ КУНТА ҚАЖЫ" МЕШІТІ:
"ӘС-СӘЛӘМ" МЕШІТІ: