Асқар Әбітайұлы
ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі,
«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті ағайын!
Біздерді рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар, қасиетті айды қалай өткізудің озық үлгісін көрсеткен Пайғамбарға салауат-сәлемдер болсын!
Сіздерді қасиетті рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Елімізге амандық, жерімізге тыныштық, әрбір отбасына ортаймас бақ-береке тілеймін!
Қадірмен қауым!
Рамазан – имани жаңғыру айы. Бабаларымыздың сан ғасырдан бері асыға күтіп, қимай шығарып салатын қасиетті айы. Бұл айда адам баласы бойындағы жаман әдеттерден арылып, жақсылықтарын көбейтіп, жан тәрбиесін қолға алады. Тақуалықты арттырып, рухани әлемін байытады.
Әр шаңырақта, әрбір мешітте ауызашарлар жасалып, ағайын мен ағайынның, көрші мен көршінің, туыс пен туыстың ынтымағы артады. Ұлтына, нәсіліне қарамай, бір дастарханнан дәм татқан жамағат ұлтаралық татулықты күшейтіп, халқымыздың ынтымағы жарасқан қоғам құруы үшін атсалысады. Адамдардың қайырымдылық шараларына ынтасы күшейіп, салихалы амалдарға көптеп күш шығарады.
Аталған істердің мәні мен маңызы бүгінгі таңдағы «Рухани жаңғырудың» нақты бір қадамдары болып саналмақ. «Отан отбасынан басталатынын» ескерсек, мұндай шаралар әрбір отбасы үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де бір мерей.
Қадірлі бауырлар!
Біздің қоғамға береке-бірлік ауадай қажет. Қасиетті айда ауызбіршілікті арттырумен қатар, білім алып, ізденіп, дұрыс діни ақпараттармен сусындап мұсылмандардың иман бірлігін сақтауды да қолға алған адам өзінің және Отанымыздың келешегі үшін аса сауапты рухани белестерді бағындырған болып саналатыны сөзсіз.
Сондықтан, қасиетті айды барша ағайын бір атаның баласындай ынтымақ, бірлікпен, тақуалықпен өткізгеніміз абзал.
Алла Тағала әрбір азаматқа тақуалық беріп, баршамызды Отанымыздың Мәңгілік ел болуына рухани іргетас қалауға жазсын.