6 Cәуір. Астана. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігінде «Келін – ененің топырағынан» атты семинар-тренинг өтті деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
«Нұр Астана» орталық мешітінде «Ислам және отбасы» жылының аясында ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі діни құндылықтарымызды насихаттап, қоғамымыздағы отбасылық институтты дамытуға бағытталған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда.
Бүгін ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің «Әйелдер-қыздар» секторы мен «Нұр Астана» орталық мешітінің жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйытқы болуымен, отбасының берекесін арттыру, қоғамдағы отбасылық келеңсіздікті болдырмау, ене мен келіннің ара қатынасын жақсарту мақсатында арнаулы семинар-тренинг өтті.
«Келін – ененің топырағынан» деп аталатын семинар-тренингке ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы, Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығы Оңалту бөлімінің басшысы, психолог Лимана Қойшиева, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы, «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Динара Нұрғалиева қатысып, ұлттық, дәстүрлі-діни құндылықтарымызды еске салып, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі болған отбасылық институтты дамыту жайында сүбелі ой-пікірлерімен бөлісті.
«Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанатқызы ене мен келіннің институтын дамыту мақсатында өткізіліп отырған іс-шараның маңызына тоқталып, әйел затының асыл мұратының бірі отбасында тәрбиелі қыз, әдепті келін, аяулы ана, бауырмал ене болу екенін баса айтты. Ал, психолог Лимана Қойшиева семинар-тренингке келген енелер мен келіндерге жүргізілген сауалнама қорытындысы негізінде, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға психологиялық көмек көрсетті. Сонымен бірге, отбасы институтының әлсіреу себептеріне тоқталып, оның қоғамдық салдарын еске сала отырып, шариғат ұстанымдары мен ұлттық отбасылық тәрбиенің бұл келеңсіздіктің алдын алатын иммунитет екенін атап өтті.
Іс-шара соңында әрбір қатысушыға ене-келін қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған сыйлықтар ұсынылды.
Семинар-тренингке қатысқан енелер мен келіндер ұстаздар мен психолог маманға дән ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі