3 наурыз. Астана. Ummet.kz – «Нұр Астана» орталық мешітінің жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының қызметкерлері «Жан жылуы» бағдарламасының тікелей эфирінде сұхбат берді.
«Ислам және отбасы» жылы аясында өткізілген «Отбасы – алтын ұя, киелі шаңырақ» атты мерекелік іс-шарадан кейін, «Жібек» қыз-келіншектер клубының жетекшісі Нұрғалиева Динара мен клубтың белсенді мүшелері Исалиева Камила, Кереева Гүлжайнар, Ырысбекова Айгүл Қазақ радиосының «Жан жылуы» бағдарламасының тікелей эфирінде қонақта болды.
Бағдарлама аясында «Жібек» клубының мүшелері клубтың бір жылда атқарған іс-шаралары туралы баяндап берді. Айталық, бір жыл ішінде 30 отбасына рухани психологиялық кеңес беріп, шаңырақтарының шайқалуынан сақтап қалса, қарттар үйі мен басқа да елді мекендерде әлденеше рет ауызашар шараларын ұйымдастырған. Дәстүрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, түскен қаражатты көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылатын отбасыларға, мұқтаж жандарға көрсетуге жұмсаған.
Бір жыл ішінде «Жібек» клубының аялы алақанынан кәмелет жасына толмаған балалар да қағыс қалмаған. Мәселен, онкологиялық аурулармен ауыратын жасөспірімдерге ойыншық, жеміс-жидектер, т.б. материалдық көмек көрсетумен қатар, рухани демеу жасады.
Тікелей эфир барысында осы және басқа да мазмұндар аясында тыңдармандармен ой бөлісіп, қыз-келіншектер клубының мақсаты, міндеті турасында әңгімелеп, дініміздің асыл құндылықтарын насихаттады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі