1 наурыз. АСТАНА. Ummet.kz. Алғыс күні қарсаңында «Нұр Астана» мешітінің ұстазы Дәурен Муслимов «Шейх Кунта қажы» мешітінің жамағатына «Қазақстандағы ауызбіршілік пен келісім» тақырыбында уағыз жүргізді.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан қазақ жері бүгінде көптеген ұлттар мен мәдениеттердің басын қосқан берекелі шаңыраққа айналды. Әртүрлі діни ұстанымдағы ұлттардың өзара түсіністік пен ауызбіршілікте өмір сүруінің бірден-бір сыры - толеранттылық. «Қазақстан халқы ауызбірлігі мен толеранттылығының арқасында ел ішінде тұрақтылыққа қол жеткізіп отыр. Бір-біріміздің қателігімізге кешірімді болып, айналамызға қол ұшын соза білсек қана ұрпағымыз тыныштықта өмір сүретін керегесі берік ел боламыз. Алланың кітабында келтірілгендей, «сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік, [49;13]»» - деді халықтар арасындағы сыйластық пен түсіністіктің маңыздылығына тоқталып өткен Дәурен ұстаз.
Мешіттің имамы, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының мүшесі Яхияхаджи Исмаилов Дәурен ұстазға қызықты әрі тағылымы мол сұхбаты үшін алғысын білдіріп, жиналған жамағатты мерекелік дастарханға шақырды. Уағызға өзек болған тақырыпты жиналған қауым дастархан басында қаузай түсті. Олар Шейх Кунта қажы мешітінің құрылысы кезінде күн демей, түн демей әртүрлі ұлттардың азаматтары келіп атсалысқанын, қолдарында бар соңғы мүмкіндіктеріне дейін бөліскенін еске алысты.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі