28 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz. Алғыс айту – ол, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Осы орайда 28-ші ақпан күні Нұр Астана орталық мешіті Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Алғыс айту – рухани байлығымыз» атты акцияны жүзеге асырды. Акция Астана қаласы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының қолдауымен өтті.
Іс-шара екі бағыт бойынша белең алды.
Бірінші бағыт: Мұқтаж жандарға қол ұшын беру. Бұл бағыт аясында Астана қаласы өкілдігіне қарасты мешіттер әр-түрлі ұлт өкілдерінен жиналған 50 отбасыға азық-түлік таратты. Сонымен қатар Сәдуақас Қажы Ғылмани, Шейх Кунта Қажы мешіттерінде 200-ге жуық адамға ас берілді.
Екінші бағыт: Ұйымдастырушылар кең байтақ еліміздің дамуына үлес қосқан әр салада елеулі қызмет атқарған зейнеттегі кісілердің үйіне кіріп алғыс айтты. Абдулла Жолдас, Героев Салман, Исмайлов Расул, Жолдыбаев Қазиз сияқты ел ағалары өздерінің ақ баталарын берсе, Романова Александра, Бабушкин Михаил келер ұрпақтың өнегелі екендігін айта отырып, ыстық лебіздерін білдірді. Ұйымдастырушылар жекелеген адамдардан бөлек жалғыз басты қарттарға, I және II топтағы мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін Астана қаласының Әлеуметтік қызмет орталығына ат басын бұрды. ҚМДБ-ның Астана қаласы өкілдігі, Нұр Астана орталық мешітінің бас имамы А.Мұқанов орталықтың атқарып жатқан істерін сауапты екендігін айта отырып, істеріне береке тіледі.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі