Күн райының қолайсыздығына орай «Нұр Астана» орталық мешіті «Астана – мейірімді қала» акциясы аясында қала тұрғындарына, жаяу жүргіншілер мен көше қызметкерлеріне тегін тамақ таратуды бастап кетті.
Елорда тұрғындарына тегін такси қызметін ұйымдастыру, мұқтаж болған отбасыларына көмір түсіріп беру, қала тазалықшылары мен құрылысшыларға ыстық ас пен шәй ұсынып, тамақтандыруды басты назарға алған мешіт қызметкерлері мен мешіт жамағаты игі шара барысында күн сайын екі жүз адамға ыстық тамақ пен сусындар таратып, қала тұрғындарының алғысын алып келеді. Қолымыздан келгенше жақындарымызға, тіпті танымасаңыз да мұсылман бауырыңызға жәрдем жасап, көмек қолын созу – мұсылмандықтың белгісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ең игі істер: мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлау – оның қарызын өтеу, оны тамақтандыру» деген еді (Байһақи). Осы өсиетті негізге алған орталық мешіт қызметкерлері мен мешіт жамағаты суық күндері адам жанын жылытатын қайырымдылық шарасын аптаның аяғына дейін жалғастыруды жоспарлап отыр. Сауапты іс жасап, бір-бірімізге мейірімділік танытуға ауа-райының салқындығы да кедергі келтірмейтінін осындай игі істерімен көрсете білген орталық мешіттің ұжымына Алла разы болсын дейміз.
ummet.kz