Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет «Нұр Астана» орталық мешітінде алғашқы жұма уағызын жүргізді. Бас мүфти жамағатқа Исламдағы бала тәрбиесі жөнінде салиқалы әңгіме өрбітті.
«Алла тағаланың сөзі мен Пайғамбардың (с.ғ.с) ғибратты жолы өркениет пен тіршіліктің дамыған, ақпараттың жылдам таралған кезеңінде заман көшінен еш қалмас. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, ешкім ұрпағына тәрбиеден артық дүние қалдыра алмайды. Мал-дәулеттің, ризық-несібенің, мансаптың өлшемі бар, кезі келгенде таусылады. Ал, тәрбие жүрекке қонады» деген Бас мүфти балаға көңіл бөліп, оның мағыналы уақыт өткізуіне, жақсы тәлім алуына әкесі мен анасы, отбасы жауапты екенін баса айтты. «Ата-ана алдындағы бірінші міндет – балаға жақсы ат қою. Сән қуып мәнсіз есім таңдасақ, Алла елшісінің сүннетіне қайшы келеміз. Екіншіден баланы жастайынан көркем әдепке баулу керек. Ал, балиғатқа жеткенде үйлендіру қажет» деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет.
Сонымен бірге көпшілік алдына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы шығып, жамағатқа жүрекжарды лебізін білдірді:
-Жаратушы Жаббар Иеміз Қасиетті жұмадағы баршамыздың тілек, ниетімізді қабыл етсін! Құрметті ағайын, ардақты мұсылман қауымы, «Нұр Астана» орталық мешітіне Алланың қалауымен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы келіп, алғашқы жұма уағызын айтып, өз насихатын жеткізді. ҚМДБ VIII құрылтайының сайлауымен еліміздің Бас мүфтиі қызметіне тағайындалды. Алла Тағала хазіретімізге күш-қуат берсін! Исламның кеңінен қанат жаюына Алла жәрдемін берсін! Хазіретіміздің бұйрығымен өткен жұмада мен «Нұр Астана» мешітінің бас имамдығынан босап, «Әзірет сұлтан» мешітіне Бас имам болып тағайындалдым. Бұл қызмет – үлкен жауапкершілік. Ендігі бар күшімді, бар тәжірибемді Ислам дініне жұмсауға тырысамын.
Білесіздер, біздің Пайғамбарымыз да, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы сахабалар да, иманды басшыларымыздың барлығы бір қызметтен екінші қызметке ауысқанда еліне, халқына, жамағатына өз разылығын білдірген. Сол сияқты «Нұр Астана» орталық мешітінің жамағаты, сіздердің алдарыңызда төрт жылдық қызметімде қолымнан келгенше жұмыс жасадым. Арасында қатты сөз айтып қойсам, бір қателік жасасам, сіздерден кешірім сұраймын. Өйткені, Алланың алдына барғанда біздің жауапкершілігіміз үлкен болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Әрбір басшы ісіне жауапты. Алланың алдына барғанда одан сұралады» дейді.
Әуелі Алла, екінші сіздердің дұғаларыңызбен осы жерде абыройлы жұмыс жасадық. Алла Тағаланың, Елбасымыздың арқасында бейбітшілік салтанат құрған заманда жұмыс жасап келеміз. Осы орталық мешітті Елбасымыздың өзі келіп ашып бергені баршаңызға мәлім. Осы жерде әрбір оқыған намазымыз, жасаған құлшылығымыз бен дұғаларымызды Алла Тағала қабыл еткей!- деді наиб мүфти.
«Осы сәтті пайдалана отырып, алдарыңызда Наурызбай қажы Тағанұлының ерен еңбегін айтқым келеді. Бұл кісі осы жерде төрт жыл қызмет етті. Міне, енді сол абыройлы қызметін әрі қарай еліміздің бас мешітінде жалғастырғалы отыр. Сізге зор абырой тілеймін!
Құрметті жамағат, сіздер жақсы білесіздер, адам болғаннан кейін біз шектеуліміз, бір Алла ғана – шексіздік иесі. Біз – бар болғаны пендеміз. Бір жерден екінші жерге арбаны сүйреткен болармыз. Бірақ, оны өмір бойы иығымызға салып, алып жүруіміз мүмкін емес. Қоғам болғаннан кейін сол қоғамның ішінде барлығы сол ортаның болашағы үшін, тәрбиесі үшін бар күшін салу керек. Мен де осы жауапкершілігі мол қызметті асыл дініміздің құрметті имамдарымен бірге тазалықпен, абыроймен атқарамын деп ниет етемін. Ал «Нұр Астана» мешітінің ендігі бас имамы болып Асқар қажы Мұқанов тағайындалып отыр. Бұл кісі де өте білімді, «Әзірет сұлтан» мешітінде біраз жылдар сабақ берді, «Әлжан ана» мешітінде абыройлы қызметте болды. Әйгілі «Әл-Азхар» университетінде білім алып, үздік бітірген. Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасын одан әрі абыроймен жалғастырады деген сенімдемін. Осылай жұмадан жұмаға төрт көзіміз түгел, ел-жұртымыз аман болып, Алланың лайықты құлы, пайғамбарымыздың сүйікті үмметінен болуды Алла баршамызға нәсіп етсін!» деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет.
«Нұр Астана» орталық мешітінің Алқа мүшесі, құрметті ақсақал Ауданбай қажы Ахметжанов Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлын жаңа қызметтерімен құттықтап бата беріп, қазақы салтпен иықтарына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
ummet.kz