Бүгін күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт басталды. Таңғы сағат 7:00-де Астанадағы барлық мешітте айт намазы оқылды. Дұға оқып, тілек тілеуге жиылған кісінің қарасы көп. «Нұр Астана» орталық мешітінде оқылған айт намазына он мыңға жуық жамағат жиналды.
Таң сәріден ұлық мерекеде ізгі ниетімен, мешітке ағылған астаналықтар сүннетке амал етіп, хош иіс себініп, әсем киініп, қуанышты көңіл-күймен жүрді. ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған көпшілікке Құрбан айт мейрамының қадір-қасиетін, құрбандық шалудың әдебін түсіндіріп, мерекелік уағыз, насихат айтты. Астана қаласының бас имамы барша жұртты мүбәрак мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Аллаға сансыз шүкіршілік, Исламдағы айшықты мерекені бейбітшіліктің арқасында ел болып тойлаймыз. Жаратушы Иеміз бізді осы берекелі күнімізден, ынтымағы жарасқан тіршілігімізден айырмасын. Құрбан айттағы дұға, тілектеріңіз қабыл болып, шалған құрбандықтарыңызға Алла мол сауаптан жазсын!» деп наиб мүфти жүрекжарды тілегін білдірді.
Одан кейін жамағат орталық мешіттің бас имамына ұйып, мерекелік айт намазын оқыды. Жамағат Алла тағаланы тәкбірмен ұлықтап, Айт намазының құтпасына қатысты. Намаздан соң бауырлар бір-біріне құшақ жайып, «Алла қабыл етсін!» деп дұға-тілек жасады. Мешіт ақсақалы ортаға шығып ақ батасын берді.
«Нұр Астана» орталық мешітіндегі Құрбан айт мейрамы ары қарай «Мейірімділік мекені» қайырымдылық жәрмеңкесі мен ұлттық спорт шараларына ұласты.
Айта кетейік, бұл мерекеде екі амал орындау шарт: айт намазын оқу мен құрбан шалу. Биыл қала бойынша құрбан шалу рәсімі арнайы белгіленген 10 орында өтеді. Әр орында қасапшылар мен дұға жасайтын имамдар бар. Құрбан айттың үш күнінде ренжіскендермен татуласып, жастар үлкендердің үйлеріне сәлем бере барса, молынан сауап алады делінеді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі