– Ассаламағалейкум, құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы! Мұсылман халқы үшін қадірлі Құрбан айт мерекесі есігімізден енгелі тұр. Осынау ұлық мерекенің мән-маңыздылығына тоқталып өтсеңіз...
– Уағалейкумассалам! Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Екі дүние сұлтаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар болсын! Айтулы бұл мереке биыл 1-қыркүйек күні басталмақ. Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және «Нұр Астана» орталық мешіті ұжымының атынан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналды. Биылғы Құрбан айт мейрамы Астанада сағат 7:00-де мерекелік айт намазын оқумен басталады. Мұсылмандар таңертең үйлерінен шығып, жолай тәкбір айтып, Құрбан айт намазына қатысқаннан кейін мереке өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына ұласады. Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады. Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
– Құрбандыққа төрт түлік малдың қай түрлері шалынады?
– Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
– Құрбандық шалуға ниетті жандарға бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да союына болады. Ал қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандыққа саналмайды. Биыл да жыл сайынғы үрдіс бойынша Құрбан айт мерекесінің құрметіне Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін Құрбан шал!» қайырымдылық шарасы өтіп жатыр. Құрбандық еттері Астана қаласындағы мұқтаж жандарға таратылады. Осы орайда, құрбан шалуға жағдайы жететін барша мұсылман бауырларымызды шараға атсалысуға шақырамын! Сіздің көмегіңіз, өзгеге қуаныш сыйлайтынын ұмытпаңыз!
– Құрбандық шалу рәсімі туралы астаналық қауымды құлағдар етсеңіз?
– Құрбандық шалған ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп, бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?! Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмилләәһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда осы сөздерді айтып тұрғаны жөн. Егер малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі «бисмиллаһ» деп айтпаса ол малдың еті желінбейді. Сондықтан «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп айтуы қажет.
– Қала тұрғындарының көпшілігі мал бауыздай алмайтындығы белгілі. Яғни, қасапшының көмегіне жүгінеді. Осы орайда, құрбан шалатын қасапшылар қалай таңдалады?
– Барша мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт мейрамы жақындап қалды. Жыл өткен сайын халық мерекенің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, құрбандық шалушылар қатары көбейіп келеді. Шариғи нормаларды сақтап, құрбандық малын сою – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан «Нұр Астана» орталық мешіті құрбандық шалынатын нысандарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырды. Дәріс барысында қасапшылық қылатын азаматтарға білікті діни мамандар құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндірілді. Тағы айта кететін нәрсе – құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз», – деді. Құрбан айтта құрбандықты өз әдеби нормаларына сай дұрыс шалуды – айттың өзіне тән мәдениеті деп айтар едім.
– Құрбан айттың құрметіне қандай іс-шаралар қолға алынып отыр?
– Биыл да Астана қаласының әкімдігінің бастамасымен елордамызда Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өткізілгелі отыр. Қаламыз бойынша «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани» мешіттерінің ауласына киіз үйлер тігізіп, ұлттық спорттық ойындары ұйымдастырылады. Және "Мейірімділік мекені" атты мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Алтын Таға» мал базарында «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, 1 қыркүйек жұма күні 13:30-да қала мешіттерінде жұма намазы оқылады.
– Құрбандық шалу акциясына қатысқысы келген жандар құрбандықты қай жерлерде шала алады? Арнайы орындар бекітілген бе?
– Құрбан шалушыларға қала сыртынан арнайы мал шалатын орындар даярланып, онда мешіт қызметкерлері, қасапшылар, тазалықшылар, тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері және сол секілді тиісті мекемелер жұмылдырылуда. Биылғы жылы 1-2-3 қыркүйек күндері болатын Құрбан айт мерекесіне орай, Астана қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Бұл еліміздің бас шаһарында тазалықты сақтап, мереке кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылып отырған ұтымды шара. Ислам діні – тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқаруға шақырамыз.
– Ұлық мереке қарсаңында астаналықтарға айтар тілегіңіз...
– Алла Тағала күллі адамзатқа, мұсылман халқына жақсылықтарын жазып, жаманшылықтарынан қашық еткей. Асыл дінімізге күш-қуат бергей. Құрбан айт мерекесі қазақ жұртына құтты болғай. Ниеттеріңіз қабыл болсын! Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
– Айтқаныңыз келсін! Риясыз әңгімеңізге рақмет! Алла разы болсын!
ummet.kz