29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Жаназа рәсімі бірізділікке түсті

Мешіт тынысы
Жарнама

         Бүгін ҚМДБ наиб муфтиі, "Нұр Астана" орталық мешітінің Бас имамы мен мешіт ақсақалдары жиналған жамағатқа "Жаназа және жерлеу рәсімдері" атты кітаптың таныстырылымын өткізді.

- Дүниеден озған адамды шариғат қағидаларымен арулап жерлеу мұсылман атаулының міндеті. Көпшілікке белгілі жаназа елімізде жалпылама бірдей орындалса да, елді толғандырған сұрақтар, аймақтық ерекшеліктер әлі де кездесіп жатады. ҚМДБ Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген бұл еңбек діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды ретке келтіріп, жаназа мен жерлеудің исламдағы бірыңғай үкімдерін жеткізуді, қайтыс болған адамды ақтық  сапарға аттандыру рәсімін бірізділікке түсіруді көздейді.  Кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің талқылауынан өтіп, ортақ келісіммен қалың көпшілікке жол тартты,- деді ҚМДБ наиб муфтиі, "Нұр Астана" мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Тақырыпқа қатысты өзекті мәселелер 7 тарауға бөлініп жазылған. Айталық, бірінші бөлім ажалдың айтып келмейтіні жөнінде Құран Кәрімнің сүрелері арқылы жеткізеді, дінімізде өлімді еске алудың артықшылығын баяндайды, хадис шарифтердің негізінде өсиет қалдырудың, аманатқа қиянат жасамаудың маңызына тоқталады. Екінші тарау хал үстіндегі кісінің жағдайына кеңінен тоқталады. Мәселен, "Ясин" сүресін оқу, "Мәйіттің көзін жабу, оң жағына жатқызу және сабыр ету" т.б маңызды тақырыпшаларға бөлінген. Бұдан бөлек,  "Жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар", "Мәйітті жуындыру мен кебіндеу", "Жаназаға қатысты үкімдер", "Қабірді зиярат ету"  секілді тараулар ұсынылған.

"Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабы исламтанушы, дінтанушы, теолог мамандармен қатар, жалпы оқырман қауымға түсінікті тілмен жазылған.

Мұсылмандардың діни сауатын ашу мақсатымен бұл кітап мешітке келген жамағатқа тегін таратылды. Аталмыш кітаптың таныстырылымын өткізіп, көпшілікке ұсыну  алдағы уақытта Астана  қаласындағы басқа да мешіттерде жүзеге асатын болады. 

IMG 3430

IMG 3436

IMG 3457

IMG 3482

            ummet.kz рухани-ағарту порталы

Бөлісу: