29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Танымал теолог елордалық жамағатпен жүздесті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Қасиетті Рамазан айының кезекті күні, тарауих намазынан соң елімізге белгілі исламтанушы, теолог Арман Қуанышбаев Елордаға келіп, «Нұр Астана» орталық мешіті жамағатымен жүздесті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ораза айында мешітке келіп, тарауих намазына құлшыныспен жиылушы жамағаттың дәстүрлі діни сауатын арттыру мақсатында белгілі дін ғалымдары шақырылып отыратынын айтты. «Діни басқармамыздағы өте білімі терең исламтанушы, ғалымдарды сіздермен тікелей кездестіріп, асыл дініміздің құндылықтарынан білім алуларыңызға жағдай жасауды әркез ескереміз. Бүгін, міне, баршаларыңызға белгілі Арман Қуанышбаев мешітімізге келіп, сіздермен салиқалы сұхбат құрып, сауалдарыңызға жауап береді. Алла Тағала мешітте алған тәлім-тәрбие, насихатты игілікке асыруды нәсіп қылғай» деді наиб мүфти.

Исламтанушы Арман Қуанышбаев дәрісінде ислам құндылықтары және жастар жайында кеңінен тоқталды. Дін ілімін игеруде ескеретін маңызды жайттарды баяндап, мұсылманның сипатына сын болар мәселелерді атап өтті. «Дін – әркім өз білімі, өз ой-пікірі, деңгейімен үкім шығарып, қорытынды жасай салатын нәрсе емес. Бұл салаға жауапты өкіл, маман, білім иелері бар. Қазіргі жастар арасында асығыс пікір айтып, шалыс қадам басып жататыны жиі кездеседі. Имамның айтқанына құлақ аспай, өзімбілемдікпен кетушілердің соңы қандай болғанын бүгінде баршаңыз көріп отырсыздар. Ислам, аты айтып тұрғандай, бейбіт, татулық, ынтымақ діні. Ислам қаттылықпен, өшпенділікпен насихатталмайды, бәлки, асқан байыппен, салмақтылықпен, өте көркем мәміледе жеткізіледі. Бүгінгі әлемде құлақ естіп, көз көріп отырған жағдайдың ешбірі ислам дінімен үйлеспейді. Керек десеңіз, кез келген дін, мәдениет – қоғамды тәртіпке, тыныштыққа, өтірік айтпауға, жақсылық жасауға, біреуге зәбір көрсетпеуге шақырады. Ал ислам, әлбетте, бейбітшілікке үндейді. Қоғамның құрылымы да адами құндылықтарды, адам құқықтарын сақтауды негізге алады. Сондықтан, әрбір іс-әрекетті ойланып, дұрыс пайымдап жасау қажет» деді А.Қуанышбаев.

Адам баласының болмысында кездесетін кемшіліктер мен артықшылықтар жайында пайғамбар (с.ғ.с.) дәуіріндегі уақиғалармен сабақтастырып, ғибратты мысалдар келтірген теолог сөз соңында мұсылманның сипаты көпке үлгі-өнеге болуы керектігін атап кетті.

Уағыз соңынан мешіт жанындағы Рамазан шатырында 400 адамға арнап таңғы сәресі асы берілді.

Arman2

Arman3

Arman4

Arman5

Arman6

Arman7

Arman8

Arman9

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: