Кеше «Нұр Астана» орталық мешітінде қасиетті жұма намазына жиылған көпшілік алдында белгілі исламтанушы, Мысырдағы әйгілі «әл-Әзһар» университетінің түлегі, орталық мешіттің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлын басқа қызметке ауысуына байланысты шығарып салу рәсімі өтті.
Қабылбек Әліпбайұлы – елімізге белгілі әрі білікті дін қызметкері. Египеттен алған білімін елімізде тәжірибемен ұштастырып, дәстүрлі дінімізді насихаттауға үлкен үлес қосып келеді. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елге елеулі азаматтың қажырлы еңбегіне табыстар тілеп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының "Алғыс хатын" табыстады.
«Бас қаламыздың орталық мешітінде қызмет еткен уақытта елорда руханиятын көтеруге өлшеусіз үлес қосқаныңыз үшін алғыс айтамын. Алла Тағала асыл дініміз бен дәстүрімізді насихаттауға күш-қуат берсін. Зор табыс, жақсылықтар тілеймін» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы.
Білікті имамды шығарып салу рәсіміне мешіт жамағаты мен ақсақалдар да атсалысып, бата беріліп, дұға жасалды.
Қабылбек Жұмабеков ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Қарағанды қаласындағы №1 мешіттің бас имамы қызметіне тағайындалды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі