Қасиетті Рамазан айында игі істерге асығушылар қатары көбейіп келеді. Жеке азаматтардан бастап ірі компанияларға дейін қадір-қасиеті биік, сауабы мол айда жетім балалар мен мұқтаждарға көмек көрсетіп, демеушілік жасауды қолға алды.
Сондай компаниялардың бірі «Ocean Basket» мейрамханалар желісі Mega Silkway сауда орталығында кезекті мейрамханасының ашылу салтанатына орай, корпоративтік «Зекет» қорының Астана өкілдігімен бірге Sos kinderdorf балалар ауылының 50 тәрбиеленушісі мен мұқтаж отбасылардың 30 балаларына арналған шара ұйымдастырды.
Балақайлар кинотеатрда мультфильм көріп, әткеншектерде көңіл көтеріп, сан алуан астан дәм татты. Түстен кейін арнайы шақырылған аниматорлар келіп, сәбилермен ойын ойнап, мәре-сәре болды.
Сол күнгі басты қонақ – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен кездесу барлық балалар үшін ең керемет тосын сый болды. Спортшыға жарыса сұрақ қойып, естелікке суретке түсіп, қолтаңбасын алып үлгерген балалар үшін бұл күн ерекше есте қалды.
«Зекет» қорының Астана өкілдігі өз кезегінде мейрамхана директоры Юрий Хусаиновке қор атынан алғыс хат табыстады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі