Еліміздің кейбір өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмектер жеткізілуде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен аймақ халқына көп болып көмек көрсету ісі қолға алынды. Кеше осындай игі мұратпен «Нұр Астана» орталық мешітінен наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Ақмола облысы Атбасар ауданында су тасқынынан қиындыққа ұшыраған отбасыларға «Қайырымдылық керуені» аясында «Астана асарын» жеткізді.
Елордалық имамдар гуманитарлық жүк тиелген көлікпен Атбасар ауданына келіп, жұртшылықпен кездесті. Астаналықтардың аймақ тұрғындарымен бір екенін жеткізе келе, жүк көлігіндегі заттарды үлестірді. Өз кезегінде Атбасар халқы имамдар ұйытқы болған игілікті іске ризашылықтарын білдірді.
Айта кетсек, «Нұр Астана» орталық мешітінде ұйымдастырылған «Астана асары» шарасында 4 тонна азық-түлік, 1 тонна киім-кешек және 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек жиылған.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі