Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде ҚМДБ-ның Әйел-қыздар секторы әз-Наурыз қарсаңында мерекелік шара өткізді.
Елорданың айшықты құлшылық ордасына ұдайы келіп, ғибадатын өтеуші қыз-келіншектер мен әйел жамағатына арналған шарада дін мен дәстүр сабақтастығы, ұлттық әдет-ғұрып негіздері жаңғырды. Мешіт имамдары қазақ халқының салт-дәстүріндегі игіліктер жайында жамағатқа кеңінен түсіндіріп, асыл дініміздің ізгілікті істерге демеу болатынын жеткізді.
Әйелдер-қыздар секторы шара барысында әртүрлі танымдық дүниелерді көрсетті. Атап айтсақ, балаға азан шақырып есім беру, бесікке бөлеу, тұсауын кесу сынды тәлім-тәрбиелік мәні зор, шариғат үркіндерімен үйлескен игі дәстүрлер мерекелік шараның мәнін айшықтады.
Мазмұнды шара соңында ұлттық ас-тағамдармен көмкерілген ақ дастархан жайылды. Ақ жаулықты әжелер ізгі іске ұйытқы болған дін қызметкерлері мен ұйымдастырушыларға аналық тілек-ниеттерін арнап, бата берді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі