Бүгін Астана мешіттерінде қызмет ететін жас дін мамандарына арналған жиын өтті.
Ел болашағын елордасымен байланыстырған жас мамандардың алға қояр мақсат-мүдделері де жоғары болуы керек. «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов осы мақсатта өкілдік жанынан жас мамандар мектебі жұмысы басталатынын мәлім етті.
«Дін қызметі қашанда үлкен жауапкершілік жүктейді. Елорда руханиятына қызмет етуші маманның білім-біліктілі де сәйкесінше биік талаптарға сәйкес болуы тиіс. Осындай жоспармен жас дін қызметкерлерінің білімін шыңдап, тәжірибесін молайту мақсаты бар» деді наиб имам М.Бектазинов.
Жиын барысында мешіт жамағаты, әсіресе, жастар ортасында дәстүрлі дін насихатын жандандыру мәселелері талқыланды. Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағдары да жалпы мемлекеттік жастар ұйымымен бірлесе жұмыс жүргізу екені белгілі. Бұл ретте діни басқармада арнаулы Жалпы және жастар ісі бөлімі іргелі жұмыстарды атқарып келеді. Дәстүрлі діни сенімді серік еткен жастар әртүрлі қоғамдық салаларда еңбек етеді. Ал оларға дұрыс діни бағыт көрсетіп, жол сілтеу имамдарға жүктелер міндет. Сонымен қатар, жастардың жан-жақты, қоғамдық шараларда белсенді болуына да баса назар аударылады.
Мешіт ұжымы осы орайда әртүрлі мәдени, рухани іс-шараларға жастарды көбірек жұмылдырып, бірлесе жүргізуді жоспарға алған. Осы сынды маңызды міндеттер талқыланған жиын соңында мешіттің жас мамандары нақты тапсырмалар алды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі