Мешіт – мәдениет ордасы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағыты да тарихымызбен тамырлас ислам құндылықтарын насихаттау әрі осы мақсатта құлшылық ордаларын үлкен мәдени ошаққа айналдыру.
ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен «Астана» медресесі шәкірттері «Керуен» сауда орталығындағы кинотеатрда қазақ халқының тарихынан сыр шертетін жаңа туынды көрсетілімін тамашалады.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Алмас қылыш» фильмі келер ұрпақты, болашақ буынды бабалар салған сара жолды ұмытпай, тарихтан тағылым алып, ой түюге шақырады. Бүгінгідей елін сүйетін патриоттық сезімді ояту, ұлтқа, халқына деген сүйіспеншілік отын өшірмей, мәңгілік елдің асыл мұраттарын іске асыру қашанда маңызын жоймайды. Тағылымы мол туындыны тамашалауға медресе шәкірттері мен тәлімгерлер, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов, сондай-ақ белгілі ақын Қалқаман Сарин, «Бақорда» медиа тобының бас директоры Мәди Манатбек келді.
Фильм көрсетілімінен кейін шәкірттерге кешкі ас ұйымдастырылып, баршасы туындыдан алған әсерлерімен бөлісті.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі