1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні барша Қазақстан халқының мерейлі мерекесі ретінде аталып өтіледі.
Бұл күндері Елбасының тікелей қамқорлығымен еліміз ұлттарды ұйыстырып, жұртшылықты жарастырған, бірлігіне бекем мемлекетке айналды. Асыл дініміз Исламның көкжиегі кеңейді.
Мұнаралы мешіттер менмұндалап, дәстүрлі діни білім беретін медреселер ашыла бастады. Әлмисақтан мұсылман қазақ жұртшылығы үшін қадірлі Құрбан айт мерекесі де ел болып тойлайтын айтулы мейрам ретінде белгіленді. Халық өз мәдениетімен қауышты. Ұлтаралық татулық, дінаралық ынтымақты келісімнің өз арнасы қалыптасты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлы мүдделерді мұрат тұтып, ел игілігі үшін аянбай қызмет етті әрі қастерлі міндетке барша жұртты жұмылдырды. Халқына сенім артты. Бұл турасында Елбасы өз сөзінде «Сол жылдары ел тізгіні өзімізге тиген уақытта мен тек халықтың сеніміне сүйендім. Ел сенімі маған күш-қуат берді. Содан бері тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз» дейді.
Қазақстанның әрбір саналы азаматы осындай дербес елді аяғына тұрғызып, мерейін үстем еткен Елбасына құрмет көрсете білуі керек. Асыл дініміз әрбір арайлап атқан күніміздің қадірін сезінуге, бейбіт ғұмырдың бағасын біліп, ел қызметінде жүрген азаматтарға құрметпен қарауға шақырады. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні осынау ізет-құрметімізді білдіріп, тілек-ниетімізді жеткізер арнаулы күн.
Алла Тағала халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайта бергей. Тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналған Отанымыздың мерейлі мерекесі құтты һәм берекелі болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы