27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Алғашқы тарауих намазы оқылды (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Кеше Астана қаласының барлық мешіттерінде қасиетті Рамазан айының кіруімен тарауих намаздары басталды.

Сансыз сауапқа есік ашылар Ораза айының өзіне тән рәсімдері мен құлшылық-ғибадаттары бар. Солардың бірі – жиырма ракағаттан тұратын тарауих намазы.

Құптан намазына келген жұртшылықты ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті айдың келуімен құттықтап, жамағатқа тарауих намазының тәртібін түсіндіріп өтті.

Наиб мүфти мейірімділік айы қарсаңында Ақтөбеде орын алған уақиғаның ислам дінімен еш байланысы жоқтығын жеткізді. "Ислам – әмбеге аян, бірлік пен бейбітшіліктің, тұрақтылық пен тыныштықтың діні. Ал барша мұсылман халқы қуана, сағына қарсы алған Рамазанда адамзат арасында араздықтың болуына асыл шариғатымыз тіптен тыйым салады. Сол себепті, қоғамның тыныштығына селкеу түсіретін, үрей тудыратын мұндай келеңсіз құбылыстар ислам ғана емес, жалпы адамилыққа жат деп білеміз. Рамазан – мейірім, кешірім, кеңшілік айы. Сауаптар еселенетін, жақсылықта жарысатын бір кезең. Алла Тағала барша жұртты бүлікте емес, бірлікте болуды нәсіп етсін. Қасиетті айда мешітке басып келген қадамдарыңызға Алла мол сауаптан жазсын. Құлшылықтарыңыз қабыл болсын" деді Н.Тағанұлы.

Мұнан соң наиб мүфти биылғы «Нұр Астана» мешітіндегі тарауихты өткізуге арнайы келген Түркия Діни басқармасының Құран академиясының мүшесі, он қирағаттан иджазасы бар хафиз Али Өзгеленді, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі исламтанушы теолог, бес қырағаттан ижаза алған қари Ерсін Әміре мен оның үздік қари шәкірті Бауыржан Есмырзаевты  таныстырды.

Айта кетейік, қала мешіттерінде тарауихтан тараған астаналықтарды үйлеріне жеткізу мақсатында қала әкімдігінің қолдауымен бірнеше бағыттарда қатынайтын қоғамдық көліктер де қарастырылып отыр.


«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: