27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Наиб мүфти баспасөз мәслихатын өткізді (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына байланысты «Әлжан ана» мешітінде БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.

Мәслихатқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Мінуаров пен «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбитов қатысты.

Наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы Рамазан айына дайындық барысы мен ораза жайында түсінік беріп, халықты қайырымдылық пен ізгілікке үндеп, мұқтаж жандарға қарайласу қажеттігін айтты.

«Құрметті БАҚ өкілдері. Рамазан – береке-бірліктің, ізгіліктің айы. Бұл ай тек ас-судан тыйылу ғана емес, әр адам өзін тәрбиелеп, сынақтан өткізетін, есеп беретін бір кезең. Бұл айда алғаш Құран аяттары түсе бастаған Қадір түні бар. Биылғы ораза 29 күнге созылып, отызыншы күні қала мешіттерінде айт намазы оқылады. Ал салтымызға сіңген айт мерекесі бұқара болып, ұлттық нақышта  3 күн аталып өтіледі. Осы айда мүмкіндігіміздің келгенінше жоқ-жітік, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолымызды созып, ауызашар беру – өте сауапты іс» деді Н. Тағанұлы.

Наиб мүфти сонымен қатар, биылғы ораза айында қала мешіттерінде күн сайын ауызашар дастарханы жайылып, қарттар мен балалар үйінде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылатынын жеткізді.

Осындай ауқымды да сауапты шаралар жоспарымен бөліскен наиб мүфти барша халықты ізгілікке үн қосып, көп болып бірігіп атқаруға шақырды. Осы орайда қасиетті Рамазан айына байланысты ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Үндеуін таныстырды. Бас мүфти үндеуінде Рамазан айында азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық заттардың бағасына жеңілдіктер жасалып, құдайы ас пен садақалардың ауызашар уақытында өткізілуі, сондай-ақ той-жиындардың ішімдіксіз ұйымдастырылып, арақ-шараптың сатылуына жол берілмесе деген өтініш-тілектер айтылды.

Баспасөз мәслихатында ораза айында мешіттерде оқылатын тарауих намаздары, Құран хатым түсіру жайында түсінік берілді. Бұл ретте тарауих намазының түнгі сағат 01:00-ге дейін жалғасуына байланысты «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Ғылмани» мешіттерінен қала бойынша әртүрлі бағыттарда тегін қоғамдық көліктер де қарастырылған. Бұған қоса, осы айда халықтың бірлігін нығайтар рухани-мәдени шаралар мен қайырымдылық акциялары ұдайы ұйымдастырылуына жете мән берілмек.

Рамазан айының алғашқы күні биыл 6 маусымға сәйкес келеді. Шілде айының 1-нен 2-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 5-7 шілде аралығында айт мерекесі тойланбақ. ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 200 теңге болып бекітілді.

Баспасөз мәслихаты дін өкілдері мен журналистердің сұрақ-жауабымен қорытындыланды.


«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: