Қасиетті Қадір кешінде құптан намазы таяған уақытта «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіне ағылған халық қарасы көп болды.
Қадір түніне жиылған мұсылман қауымы жамағатпен құптан және тарауық намаздарын оқып, қасиетті Рамазан айы бойы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұстазы Нұриддин Абдусамадұлы мен қарилар Қайырбай Даукен, Алижан Батыржанұлы оқыған Құран хатым аяқталып, қасиетті Қадір түні көпшілікпен барша мұсылмандарға бағышталып, еліміздің ауызбіршілік-ынтымағы, халқымызға барша мұсылман қауымына барлық жақсылықтар тілеп, дұға жасалды. ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы Құран хатым батасын жасап, жамағатқа Бас мүфтидің құттықтау сәлемін жеткізіп, Қадір түнінің қасиеті жөнінде насихат айтты.
Қариларға лайықты құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жауып мешіт ақсақалы ақ батасын бергеннен кейін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов көпшілікке Қадір түнін құлшылық-ғибадатпен қалай өткізу керектігін, ислам дінінің құңдылықтарын жан-жақты түсіндірді.
Бұнан кейін Қадыр түніне арнайы құрылған бағдарлама бойынша мешіт имамдары келген халыққа уағыз насихаттарын жүргізді. Жамағатпен оқылған үтір намазынан кейін мешітке жиылған көпшілікке сәресі үлестірілді. Таң намазы оқылғаннан кейін мешітте Қадір түнін қарсы алған жамағат үйлеріне тарасты. Жұртшылық «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде ай бойы оқылған Құран хатым мен тарауық намазына ризашылықтарын білдіріп, имамдарға алғыс айтты.
ummet.kz