26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Нұр Астана» мешітінде Наурызбай Тағанұлы жұма уағызын айтты (ФОТО+ВИДЕО)

«Нұр Астана» мешітінде Наурызбай Тағанұлы жұма уағызын айтты (ФОТО+ВИДЕО)

Мешіт тынысы
Жарнама

20 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz –  Бүгін елорда төріндегі «Нұр Астана» мешітінде ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Салиқалы ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында жұма уағызын айтты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұмада «Нұр Астана» мешітінің жамағатымен жүздесіп, тілдесу үшін арнайы ат басын бұрған ҚМДБ-ның бірінші наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің мән-маңызына тоқталды.

Ұрпақ тәрбиесі қай кезеңде болмасын, қай елде болмасын ұлт болашағының бірден-бір негізі. Келер нәсілдің тәрбиесіне отбасы - ошақ қасынан бастап, қоршаған орта, қоғам түгел жауапты. Дегенмен, кейде отбасында ескерілуі керек қарапайым қағидаттарға мән берілмей, «жас шыбық қисық бітіп», талай ата-ана «әттең-ай» деп санын соғып жатады.

Наурызбай қажы Тағанұлы отбасы ішінде бала тәрбиесінде маңызды орны бар қарым-қатынас ережелеріне тоқталып өтті.

«Бала тәрбиесінде ескерілуі тиіс мәселелер: 

  • Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет» деген принцип осындайда ауадай қажет. 
  • Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. 
  • Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. 
  • Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. 
  • Бесіншіден, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. 
  • Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. 
  • Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. 
  • Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. 
  • Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет»,

- деді дәстүрімізбен өрілген дініміздің өнегесін тілге тиек еткен наиб мүфти.

Намаз соңында, жұма уағызына тәнті болған мешіт жамағаты наиб мүфтиге дән ризашылықтарын білдірді.

 

 

1

1

1

1

1

1

1

1

Бөлісу: