11 тамыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – «Нұр Астана» мешітінің жамағаты Құрбан айт мейрамында қалыптасқан дәстүр бойынша қайырымдылық шараларына атсалысты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Құрбан айт мерекесі – Алла разылығына себеп болатын салихалы амалдар мен сауапты жұмыстар жасайтын мейрам. Соған орай жылдағы үрдіс бойынша Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің бастамасымен әрбір мешітте «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. «Нұр Астана» мешіті қызметкерлерінің ұйытқы болуымен 18 ірі қара мал құрбандық жиналды.
Құрбандық малы қала әкімшілігі тарапынан арнайы белгіленген орындарда шалынуда. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қасапханадағы құрбан шалу рәсіміне қатысып, Алла алдындағы уәжіп міндетін өтеу үшін жиналған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, құрбандық малдың еттері аудан әкімшілігі тарапынан берілген тізім бойынша жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы жанұяларға таратылуда. Сонымен бірге, қарттар, жетімдер үйі, түзету мекемелері, зағип балалар үйі де жылда акция аясында жиналған құрбандық еттерімен қамтамасыз етіліп келеді. Қайырымдылық шараларына мешіт жанынан жұмыс істейтін «Жақсылықта жарысайық» волонтерлар тобының мүшелері атсалысуда.