25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбан шалудың тарихы қай кезден бастау алады?

Құрбан шалудың тарихы қай кезден бастау алады?

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбандық шалу адамзат тарихымен бірге басталған үрдіс. Адамзаттың атасы Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың арасында орын алған дау құрбандық беру арқылы шешілген. Біз мұны Құран аяттары мен хадистерде баяндалған қиссалардан білеміз. Жалпы, Құран Кәрімде құрбандық шалу оқиғалары туралы бірнеше жерде айтылған. Соларға қысқаша тоқталайық. 

Абыл мен Қабылдың құрбандығы

Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) оларға Адамның екі ұлы туралы хабарды ақиқат түрде оқып бер. Ол екеуі құрбандық шалғанда біреуінікі қабыл болды да, ал екіншісінікі қабыл болмады. (Құрбаны қабыл болмағаны екіншісіне) «Мен сені, сөзсіз, өлтіремін!» – деді. (Екіншісі) «Ақиқатында, Алла (ізгілікті) тек тақуалардан қабыл алады», – деді»[1].

Адам ата мен Хауа ананың балалары екі егіз болатын. Екі егіздің біреуі ұл, ал екіншісі қыз болатын. Ұлдар ер жетіп, қыздар бой жеткенде Жаратқан Ие адамзаттың ұрпағын тарату үшін егіздердің сыңарларын бір-біріне қосуды бұйырды. Яғни Абылдың сыңары Қабылмен, Қабылдың сыңары Абылмен тұрмыс құруы керек. Алайда Қабыл өзімен бірге туған егізіне үйленгенді қалайтын. Өйткені ол Абылдың егізіне қарағанда әлдеқайда көрікті, сұлу болатын. Бірақ әкесі Адам өз шешімін өзгертпеді. Қабыл болса інісінің егізіне үйленуден үзілді-кесілді бас тартты. Адам ата бұл мәселенің дұрыс шешімін қалай табуға болатындығы туралы қатты ойланды. Жаратушы Алла Тағаладан тығырықтан шығар жол сұрап жалбарынды. Сонда Алла Тағала екі ұлға құрбандық шалуды бұйырды. Аллаға жақындау мақсатында Қабыл өзі еккен егінінен, ал Абыл өзі бағып жүрген қойынан құрбандық беруі керек. Жаратқан Ие кімнің құрбандығын қабыл алса, соның дегені болмақ.

Ағайынды екеу құрбандықтарын бергенде Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алып, Қабылдың құрбандығын қабыл алмады. Осылайша дауға нүкте қойылды. Бұл адамзат тарихындағы Алла Тағала үшін берілген құрбандықтың ең әуелгісі болатын.

 Ибраһим мен Исмаилдың қиссасы

Құрбандық шалу дәстүрі – Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) сүннет болып қалған амал.

Бір түні Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) түсінде ұлы Исмаилды қолымен бауыздап жатқанын көрді. Ақиқатында, Пайғамбардың түсі – Алладан келген аян. Түсінің мәнін түсінбей Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) басы қатты. Әлгі түсі ұйықтаған сайын қайталана берді. Ол үшін өте қиын сынақ болды. Ұлы Исмаилға (оған Алланың сәлемі болсын) бұл туралы айтқанда ол: «Уа, әкетай! Алланың әмірін орындай бер. Менің көзіме қарамауың үшін жүзімді басқа жаққа бұрғайсың. Мен Алланың тағдырына разымын. Оның әмірін екі етпеймін», – деп жұбатты.

Ақыры, сынақты қабылдап, Мина атты жерге барады. Ұлы Исмаилды (оған Алланың сәлемі болсын) бір тастың шетіне жантайтады. Аяқ-қолын малдың аяғын байлағандай мықтап байлайды. Қиналып, аяқ-қолдары қозғалып кетпесін деп солай істеген еді.

Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) барлық күш-жігерін жинап, қанша қиын болса да баласын құрбан етуге бел буды. Өткір пышақты қолына алып, ұлының тамағына апарды. Бар күшімен тартып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Баласының тамағына дәнеңе де болмады. «Уа, Раббым! Өзің кеше көр. Пендеңе рақымыңды төге көр. Нәпсіме ерік бере көрме», – деп күбірледі Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын). Пышақтың өтпегені үшін өз-өзін жазғырды. Жүрегім елжіреп, дұрыс кеспеген болармын деп ойлады. Сөйтіп, екінші мәрте тартып көрді. Бірақ пышақ тағы да өтпей қалды. Қайырымды әке пышақты қолына алып, үшінші рет тартып көрді. Бірақ еш өзгеріс болмады. Пышақ өтпей қалды.

Осы кезде аспандағы сан мыңдаған періштелер Алла Тағаладан қарт пайғамбар мен оның ұлына рақым етуін тілеп, жалбарынып жатыр еді. Алла Тағала шексіз мейірім-шапағатымен олардың тілектерін қабыл алып, Ибраһим мен Исмаилға (оларға Алланың сәлемі болсын) Жәбірейіл періштені жәннаттың бір көк қошқарымен бірге түсірді. Жәбірейіл олардың жанына келіп: «Уа, Ибраһим! Раббың саған: «Уа, Ибраһим! Сен түсіңді дұрыс жорыдың. Ізгі жандарға осылай сый жасаймыз. Бұл өте қиын сынақ. Біз саған ұлы бір құрбандық түсірдік», – деп сәлем жолдады. Ұлың екеуіңе рақым етіп, құрбандыққа шалуларың үшін мына жәннаттың қошқарын түсірді», – деді.

Жәбірейілдің бұл сүйінші хабарын естіген әкесі мен баласы қатты қуанды. Аллаға мадақ айтып, шүкірлік етті. Сол кезден бастап осы күн мұсылмандардың айтулы мерекесіне айналды. Бұл – қасиетті құрбан айт күні. Бұл оқиға жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Сонда (Ибраһим) «Уа, Раббым! Маған салихалылардан болатын (ұл) бер!» – (деді). Біз оны қайырымды ұлмен қуанттық. Ұлы (Исмаил) өзімен бірге жүретін жасқа жеткенде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздап жатқанымды көремін. Қара! Сен не дейсің?» – деді. Ол: «Уа, әкетайым! Өзіңе әмір етілгенді орында. Алла қаласа, мені сабырлы деп табарсың», – деді. Олар екеуі мойынсұнғанда, ол оны маңдайымен жатқызды. Біз оны: «Уа, Ибраһим!» – деп шақырдық. «Сен түсіңді шындыққа шығардың. Біз ізгі іс істеушілерді осылай сынаймыз». Шынында бұл ашық сынақ еді. Біз оны (Исмаилды) ұлы құрбандықпен ауыстырдық. Кейінгілерге ол (Ибраһим) үшін жақсы ат қалдырдық. Ибраһимге сәлем! Шынында ізгі іс істеушілерді осылай сыйлаймыз»[2].

 

[1] «Мәида» сүресі, 27-аят.

[2] «Саффат» сүресі, 100-109-аяттар.

материал «Құрбандық пәтуалары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: