01
Жұма,
Қараша

һижри

Құрбан айт кезінде оқылатын дұғалар

Құрбан айт кезінде оқылатын дұғалар

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбан айт – мұсылман жамағатының ұлы мерекесі. Алла тағала Құранда: «Раббым үшін (Айт) намазын орында және құрбан шал» деген. Сонымен аталған мейрам Айт намазын оқудан басталады. Кейіннен құрбандық шалып, адамзат баласы ізгі ниеттерін көрсетіп, мұқтаждарға көмек береді.

Негізінен, Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбардан бері келе жатқан сүннет. Құрбан шалу рәсімі айт намазбен айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Ал құрбандықты Айт намазына дейін шалғандікі жарамсыз болып танылады. Құрбандықты айттың төртінші күні асыр намазына дейін орындауға рұқсат берілген.

Құрбандық шалу кезіндегі талаптарды айтар болсақ, ол тек ғана Алланың разылығын мақсат тұтып, әрі тек Аллаға жақындап, оның ғана сауабын үміт етіп шалғаны тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла тағала Алладан өзгеге арнап құрбандық шалғанды лағнеттеді» деген.

Құрбандық малы белгілі жасқа толған болуы қажет. Түйені – бес, сиыр, бұқаны – екі, қой, ешкіні – бір жастан бастап құрбандыққа шалу керек. Ал бір көзі, құлағының басым бөлігі жоқ, ауру, ақсақ, әлсіз, арық малдар құрбандыққа шалуға жарамайды.

Бір жанұяның атынан бір мал шалынса, барлық отбасы мүшесіне жеткілікті құрбандық болып табылады. Сиыр мен түйені жеті адам бірігіп құрбан шалуына болады.

Айта кетсек, құрбандыққа шалынып жатқан малды қинамай, тезірек өткір пышақпен бауыздау керек. Бүл сүннетке жатады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде «Малды жақсылап бауыздау керек. Оны сояр кезде, пышақты жақсылап қайрап, тезірек бауыздау керек, сонда мал рахатымен қауышады» делінген.

Құрбандыққа шалынатын малды сояр алдында оны құбылаға қарай жатқызып, келесі дұғаны оқу керек:

«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил аламина лә шәрика ләһ». («Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ»).

Тағы «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деген дұғамен мал сойылады. Бұл кезде құрбандыққа арналған малдың иесі «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деген дұғаны айтады. Егерде бұл дұғаны әдейі оқымаған жағдайда құрбан етін жемейді. Себебі, Құдайдың аты айтылмай сойылған малдың еті харам болып саналады.

Құрбандық етінің үштен бір бөлігін иесіне өзіне қалдырып, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізіп, қалған бөлігін мұқтаждарға тарату керек. Малдың терісін сатуға немесе қасапшының ақысы ретінде беруге тыйым салынған.

ummet.kz

Бөлісу: