Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғатта терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ тілектер айтылады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Cондай-ақ, Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!»
Құрбан айт мерекесі сонау Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.
Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, Раббың үшін құрбан шал», - делінген. Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз.
Құрбан Айт, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтіні аса маңызды. Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, әдемі киімін киіп, мешітке барады. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Құрбан айтта жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдардың татуласқаны жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы кіріп шығу, жетім-жесір, мұң-мұқтаж адамдарға жанашырлық жасап, оларға да айттың қуанышын сездіру сауабы мол істерге жатады. Осылайша, береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт адамдардың жақындасуына, бірін-біріне ізгілік танытып, қайырымды болуына ықпал етеді.
Құрбан шалу кімге міндет?
Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап. Құрбандық етінің бір бөлігі ағайын-туыс пен көрші-қолаңға, екінші бөлігі тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға таратылады, ал үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі.
Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет дұрыс болуы, одан кейін сойылатын мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал.
Құрбандыққа шалынатын мал қанша адамға жетеді?
Қой және ешкіні бір адам ғана сояды. Бір адам екі не одан да көп құрбандық шала алады және барлық құрбандықтарының сауабын алады. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп союларына болады. Бір адам жалғыз өзі бір сиыр не түйені құрбандыққа шалуына рұқсат етіледі.
Жәбір ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеніне разы болсын): «Худайбия жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге түйені жеті адамның және сиырды жеті адамның (атынан) бауыздадық», — деді.
Құрбандық шалудың бекітілген уақыты бар. Осы уақыттан бұрын және кейін құрбандық шалуға болмайды. Ал осы уақыттан бұрын шалынған құрбандық күнделікті қажеттілік үшін сойылған мал есебінде болады және ол құрбандықтың орнына жүрмейді. Айт намазы уәжіп болған елді мекендерде құрбандық шалу айт намазын оқып болғаннан кейін басталады. Құрбандық шалу ташриқ күндерінің үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
ummet.kz