27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Құрбан айт намазы қалай оқылады?

Құрбан айт намазы қалай оқылады?

Құрбан Айт
Жарнама

Айт – арабшадан аударғанда, «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт.

Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойлайтын екі күннің болғаны туралы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанда, ол: «Алла сол екі күннің орнына сендерге олардан әлдеқайда жақсысын берген. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт»,[1] – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) екі айт намазын оқығаны жайлы хабар «тәуатүр» (бұлтартпас, анық) жолмен бізге жеткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Рамазан айт намазы. Бұны ибн Аббас (р.а.) былай деп жеткізген: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкір, Омарлармен бірге Рамазан айт намаздарына қатыстым. Барлығы да айт намазын құтпадан бұрын оқыды».

Басқа бір хабарда ибн Аббас (р.а.): «Алла Елшісі айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды», – деп риуаят еткен[2]. Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп. Бірақ айт намаздарында құтпа намаздардан соң оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет. Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минут өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.

Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам: «Екі рәкат Құрбан айт намазына ниет еттім», – деп ниет етеді. Жамағат «Екі рәкат Құрбан айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай «Субханака Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпия түрде «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә’узу» мен «Бисмиллаһты» құпиялай, одан кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпиялай – «Бисмиллаһ», жариялай – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпия түрде «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әт-тахият», «салауат», «рәббәнә» дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп.

Құтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі құтпа оқиды. Айт құтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер бұл жерде де – мәкрүһ. Айт құтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ.

Имам бірінші рәкатта айт тәкбірлерін ұмытып, «Фатиханы» оқып жатқанда есіне түссе, дереу тәкбірлерді алып, «Фатиханы» қайта оқиды. Бірақ «Фатиха» мен Құранды оқығаннан кейін есіне түссе, тек қана тәкбірлерді алады. Қайта оқудың қажеті жоқ.

Айт намазының тәкбірлеріне кешігіп қалған жағдайда...

Айт намазының алғашқы рәкатына қосымша тәкбірлер айтылған соң үлгеріп имамға ұйыған адам ифтитах тәкбірді алғаннан кейін, «Субханаканы» оқымай, дереу қосымша тәкбірлерді алады. Егер имам рүкүғте тұрған кезде үлгерсе, дереу түрегеп тұрған күйі тәкбір алып, рүкүғке барады. Рүкүғтегі тасбихтердің орнына қосымша тәкбірлерді қолдарын көтермей сол жерде айтады. Егер үлгере алмаса, ештеңе керек емес. Егер имамға екінші рәкатта үлгерсе, имам сәлем бергеннен кейін, оқи алмаған рәкатты қаза ету үшін қиямға барғанда қосымша тәкбірлерді «Фатиха» және қосымша сүреден кейін құпия алады.

Айт намазына үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды. Бұл сәске намазының орнына жатады.

Құрбан намазын кешіктірмей, ал, Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап. Бурәйда (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін»[3].

Тәшриқ тәкбірі

Құрбан айттың алдындағы күнді «Арафа күні» деп атайды. Бұл – Зилхижжаның тоғызыншы күні. Арафа күнінің таң намазының парызынан кейін, құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейінгі айтылатын тәкбірді – «Тәшриқ тәкбірі» дейді[4].

Ол былай айтылады:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллАллаһу уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд».

Мағынасы: «Алла ұлық (2 рет), Алладан басқа тәңірлер жоқ! Алла ұлық (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаға тән».

Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша, парыз намазы міндетті адамға тәкбір айту – уәжіп. Яғни, жеке намаз оқыған адам, жолаушы, тұрғын, ауылда, қалада тұрған ер, әйелдің бәріне бірдей ортақ. Бірақ Әбу Ханифа бойынша, тәшриқ тәкбірі уәжіп болу үшін адамның тұрғын, азат, ер кісі және бұл тәкбірдің айтылу тиіс намаздың жамағатпен оқылған парыз намаз болуы керек. Сол себепті жолаушы, тұтқын, әйел және жеке басы намаз оқыған жанға тәкбір уәжіп емес. Бірақ бұлар имаммен бірге намаз оқыса, жамағатпен бірге тәкбір айтады. Жұма мен айт намаздары оқылмайтын кіші ауылдарда тәшриқ тәкбірі айтылмайды. Айт күндері мұсылмандардың бір-бірлерін құтықтаулары, бір-бірлерімен қол алысып, дұға етулері – мәндүп.

 

[1] Муслим, Жума, 67
[2] Әбу Дәуід, Салат, 239.
[3] Әбу Дәуід, Әдаһи, 7
[4] Ахмед ибн Ханбәл, ІІІ, 232.

ummet.kz

Бөлісу: