01
Жұма,
Қараша

һижри

Құрбанның орнына садақа берсем бола ма?

Құрбанның орнына садақа берсем бола ма?

Құрбан Айт
Жарнама

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай[1], азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» [2], - дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын» [3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын» [4], – делінген.

 Құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет [5].

Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс. Ал құрбан шалудың орнына садақа беру мойнынан уәжіпті түсірмейді.  

 

[1] Бай деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] «Кәусар» сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаяты.

[4] Муслим риуаяты.

[5] Радду әл-мухтар, 9-том, 454-бет.

ummet.kz

Бөлісу: