25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Ахмадтың шаңырақ шаттығын сақтаудағы 10 кеңесі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Хижраның 164 жылы өмірге келген Ахмад ибн Ханбал жетім өсті. Сәби кезінде-ақ әкесі көз жұмып, бақилық болған. Он бес жасынан білім жолына түсіп, тек қырық жасқа жетіп үйленген.

Абу Зурға Рази Имам Ахмад туралы естелігінде оның бір миллион хадисті жатқа білгенін айтады. Ол – үмметтің ең көркем ғалымдарының бірі, тура жолдың имамы, дінге тірек, сүннетке көмек болғанұлы тұлға. Білімі кеңінен жайылған теңіздей еді, оның ілім алқасында бес мыңнан аса адам ілім алатын болған, оның кейбірі  ілімін параққа түсіріп жатса, енді бірілері ахлақ-тәрбиесіне сүйсініп көркем мінезін үлгі алуға тырысқан.

Имам Насаи ұлық имам туралы: «Ахмад ибн Ханбал хадис пен фиқх ілімдерін және тақуалық, зухд (дүниеге қызықпау), сабырлық дегенді бойына сіңірген адам еді» деді. Ал Имам Абу Дауд: «Ахмадтың отырыстары ақыреттік отырыстар еді. Онда дүниеге қатысты ешнәрсе айтылмаушы еді. Дүние туралы айтқанын еш көрмедім» деген. Яхя ибн Муъин: «Ахмадтай адам көрмедім. Онымен елу жыл жолдас болдық, алайда бойындағы артықшылықтарының бірімен де мақтанған емес» деді. Қысқаша қайырсақ, Имам Ахмад осындай тау тұлғалы жан еді. Ол хижраның 241 жылы қайтыс болды. Алайда Абай хәкім: «Өлді  деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» дейді ғой. Өнегелі сөзімен арамызда әлі жасап жүрген Имам Ахмадтан Алла разы болып, ілімімен үмметті сусындырсын деп дұға жасаймыз.

Ұлық имамның Абдулла атты баласына отбасының шаттығын шайқалтып алмасын деп айтқан өсиетінен өзімізге ғибрат алсақ...

Имам Ахмад баласына былай деді:

«Әй, балам. Әйеліңе мына он нәрсені сыйламайынша үйіңде бақытқа қол жеткізе алмайсың. Бұларға жақсылап көңіл бөл, қаперіңде сақта:

Біріншісі мен екіншісі: Расында әйел баласы оған қаншалықты ғашық екеніңді айтқаныңды ұнатады. Ол бір-біріңе деген сүйіспеншілікті арттыратын дәнекер болмақ. Сол себепті бұл нәрселерде әйеліңе сараң болма. Егер бұларда сараңдық танытсаң араларыңа суықтық ұялап, сезімдеріңде қаяу пайда болады.

Үшіншісі:Әйелдер бірбеткей, қатты еркектерді ұнатпайды, жұмсақ, әлсіз еркекті құрдай жорғалатады. Сол үшін әрбір сипатты өз орнына жұмса. Бұл махаббатты жандандырып, көңілге тыныштық сыйлайды.

Төртіншісі: Еркектер әйелдерінен жақсы сөз, сұлу көрік, таза киім, көркем иісті ұнатқаны сияқты әйелдер де ерлерін осылай көргілері келеді. Ендеше әркез осындай бол.

Бесіншісі: Үй деген–әйелдің өз мемлекеті, ол өзін онда тақта отырғандай көріп, ханшайымдай сезінеді. Сондықтан да оның өмір сүріп жатқан бұл мемлекетін құлатушы болма, төрлетіп отырған тағынан ысырушы болма. Егер олай істесең онда қолынан билігін тартып алдың демек. Қандай да бір патша үшін қолынан билікті тартып алған адамнан асқан жау болмас. Сырттай оны көрсете қоймаса да.

Алтыншысы:Әйел заты күйеуінің жетістікке жеткенін қалайды, төркінінің де қасырет көргенін қаламайды. Әйеліңе өзің мен төркінінің арасында таңдау жасатудан абай бол. Егер ол сен үшін төркінінен бас тартса да,күнделікті өміріңде әсерін байқайтпай қоймайтын өшігуге оранып алады.

Жетіншісі:Расында, әйел қисық қабырғадан жаралған. Бұл оның сұлулығы мен тартымдылығының сыры. Ол үшін бұл айып емес, себебі «қастың көркемдігі қисықтығында» ғой. Егер бір қателік жасап қойса кешірімсіз болып жазалауға асықпа, себебі қисықты түзулеймін деуің–сындыруың, сынуыруың болса–ажырасуың. Алайда, қатесіне көз жұмып та қарама. Онда қисықтығы арта түсіп өз әлемінде шектеліп қалады. Бұл кезде саған қайта жұмсара да қоймайды, сөзіңе де құлақ аспайды. Алайда сен үнемі ортасын ұстан.

Сегізінші:Жақындықты бағаламау мен жасалған жақсылықты елемеу – әйелдің табиғаты. Егер сен олардың біріне бір ғасыр бойы жақсылық жасап, сосын бір жамандық жасасаң «сенен еш жақсылық көрмедім» дейді. Олардың бұл табиғаты оларды жаман көріп, олардан бет бұруыңа итермелемесін. Себебі сен оның бір мінезін ұнатпасаң, басқа бір мінезіне разы болып сүйсінерсің.

Тоғызыншы:Әйелдер дененің әлсіреп, рухани шаршайтын жағдайларын өткереді. Алла Тағаланың өзі де олардыосы жағдайларға байланысты біраз құлшылықтардан босатқан. Бұл жағдайда олардан намаздың жүгі толықтай түседі. Оразасы болса денсаулығы түзеліп, өз қалпына келгенше кешіктіріледі. Бұл жағдайларда сен де әйеліңмен раббани мәміледе бол. Алла оларға парыз амалдарын жеңілдеткені сияқты, сен де оларға жасаған талаптарың мен әмірлеріңді жеңілдет.

Оныншы:Әйелің сенде тұтқын адам сияқты екенін ұмытпа. Тұтқыныңа мейірімді бол, әлсіздігін ескер. Сонда ол саған жақсы серік болады, көңіліңді де тойдырады».

 

 

Дайындаған: Айбек Әбдіқадыр

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: