Жолдасым үйде отырмайды. Үнемі жұмыста. Не жолдастарымен кетіп қалады. Міне, бұл әйелдердің кезекті шағымы. Еркек неге тек жатарға келеді? Оның бірқатар себептері бар. Соларды талдап көрейік. Жұмысының ерекшелігі.
Осыған орай көп уақытын үйден тыс өткізуге мәжбүрлік болуы мүмкін. Кейбір адамдар отбасын асырап, әрі қарыздарынан құтылу үшін екі жерде жұмыс істеуіне тура келеді. Әлеуметтік себеп. Жора-жолдасының көптігі. Көбі үйге ескертпей келеді. Күйеуіңіз солардың шаруасымен сыртта көп жүруі ықтимал. Тағы біреулер бойдақшылық дәуірімен қоштаса алмай жүреді. Үйленсе де, достарын қимай жұмасына жеті күн жолдастарымен жүруге дайын. Тыныштықтың жоқтығы. Шаңырағында ұрыс-керіс көп. Үйде өзін жайсыз сезінеді. Жағдайды өзгертуге шамасы да келмейді. Сондықтан, мүмкіндік тауып үйден қашуға даяр тұрады. Бір әйел: Күйеуім жұмыстан келеді де төсекке құлай кетеді. Күн батарда бір-ақ тұрады да дастарқанға отырады. Тамағын ішер-ішпес көшеге шығып кетеді. Содан, таңға жуық бір-ақ келеді», – дейтін көрінеді. Бұл мәселенің шешім не? Әрине, үйден қашқанымен мәселеден қаша алмайсың. Үйден безгенмен, мәселе өз-өзінен шешімін таппайды. Ендеше:
– Үйде өзін жайлы сезінетін жағдай жасаңыз. Күйеуіңізді үйде ұстап тұрудың жалғыз жолы көшеден іздеген рақатын үйден табуы.
– Күштеп ұстауға әрекет етпеңіз. Мұндай әрекетіңізден түк шықпайды. Керісінше, бұрынғысынан да қатты көшеге қашатын болады.
– Жұмыстан келген күйеуіңді шағым айтып қарсы алма. Онсыз да шаршап тұрған адамға шағымнан ауыр сөз жоқ.
– Дастарқаның жаюлы болсын. Ас-суын ішіп болған соң, бір мезгіл демалуына мүмкіндік бер. Әңгімелес. Қарны тойған сияқты, көңілі де жайлансын.
– Ара-кідік жора-жолдастарын үйге қонақ етіп шақыруға ұсыныс жаса. Күйеуің көшеге жолдастарымен кездескенше, отбасы болып араласқан әлдеқайда жақсы. Шаңырағынан рақат тапқан еркек шаруасы бітер-бітпес үйіне асығатын болады. Үйді жәннат сарайы ету сіздің қолыңызда. Жан шыдатпайтын тамұқ етіп жіберу де сіздің пейіліңізден. Бұл жалғанда рақат пен тыныштық орнаған шаңыраққа тең келер құт мекен жоқ. Бірін-бірі тілімен шақпайтын, ауыр сөзбен жанын жараламайтын шаңырақ. Ол асып-тасып жатқан байлығы жоқ үй. Бар байлығы жан тыныштығы, бір-біріне деген сүйіспеншілігінде.
Екінші хат. Жолдастарымен түнде ойын-сауық құрып, уақытын көңілді өткізетін кісіге жазылған хат.
«Қадірлім! Мен өзімді үйдегі жиһаздың бірі сияқты сезінудемін. Бұған бір шама көндіккендеймін. Бірақ бір күні кешке мен таңғалатын жайт болды. Сені қуанту үшін жақсылап дайындалдым. Үйдегі жиһаздардың орнын ауыстырдым. Үйге ерекше көрік кіргіздім. Дастарқан жайып, ең әдемі көйлегімді кидім. Иіс суымды сеуіп алдым. Сен үйге түнеріп кіріп келдің. Мазамды алма! Жұмысы басымнан асады! Ұйқым келіп тұр, – деп жатып қалдың. Осы сөздерді айттың да теріс айналып жатып қалдың. Менің әйел ретіндегі құқығымды білесің бе? Достарыңа айтқан жылы сөзіңді маған қимайсың ба? Олармен өткізген уақытыңның бір бөлігін маған арнасаң деймін. Сенің достарыңа қызығып қараймын. Солардың орнында болуды армандаймын. Біздің қарымқатынасымыз ерлі-зайыптылардікіне ұқсамайды. Біз бірге тұратын көршілер сияқтымыз. Бізге сен керексің. Қымбаттым, ұл-қызың және мен сені асыға күтудеміз! Үйге, біздің ортамызға тез орал! – деп жазған екен.
Кейбір еркектер отырыстың гүлі. Жора-жолдастарымен уақытын сәнді өткізеді. Ешбірінің көңілін қалдырмайды. Бірақ үйге басқа адам боп кіріп келеді. Әйелінің сөзін жақтырмайды. Бала-шағасына суық. Хадисте: «Сендердің ең жақсыларың – әйел, бала-шағасына жақсы қарағаны. Сендердің іштеріңде әйел, бала-шағасына ең жақсы қарайтыны менмін», – делінген. Үй ішінде жұбайы мен балашағасына көңіл бөлмесе қоғамда ғажайып адам көп көрінудің ешбір маңызы жоқ. Бар жылы сөзіңді әйеліңе айт. Бар пейілің мен мейіріміңді бала-шағаңа көрсет.
материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,
ummet.kz