26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Кіші үйге де сол керек»

«Кіші үйге де сол керек»

Исламдағы отбасы
Жарнама

Халықтық дүниетанымда бүгінгі күннің кәдесіне жарайтын көптеген дүниелер бар.

Адами өмірдің құндылықтары, қарым-қатынас мәдениеті, үлкен өмірдің қилы мәселелері, тағы басқа да ескеруге тиісті тақырыптың кез-келгенін табуға болады. Солардың ішінде имани құндылықтарымыз да қамтылып жататынын жиі айтып жүрміз.

Сондай дүниетаным қамтылған мақалдардың бірінде «Үлкен үйге не керек, Кіші үйге де сол керек» делінеді.

Мақалдағы «керекті» затты қажеттілікке, түсінікке қарай біреу құндылық деп ойласа, біреу материалдық дүние деп есептейді, ал енді біреу үшін иман деп, басқа біреу үй жиһаздары деп қабылдауы мүмкін. «Үйді» де біреу тұратын жай деп тіке мағынада түсінсе, басқалар не адам, не халық, не ұлт, не мемлекет деп көркем оймен топшылауы ықтимал. Әрине, халқымыздың мақалдары көркем ой мен символдық ұғымдарға толы. Сондықтан, мақалдың айтпақ ойын әркім өз деңгейінде түсінеді, әркім өз мақсатына қарай сөз арасында әртүрлі пайдаланады.

Біз дін адамы ретінде бұл ұғымдарды адам және құндылық тұрғысынан қарастырайық:

Үлкендерге керекті иман жастарға да керек, қазыналы қарты бар үйге керек діни, дәстүрлі құндылықтар жаңа шаңырақ көтерген жас отбасыға да қажет.

Абай Құнанбайұлы «Ақылды адамға иман – парыз, иманды адамға ғибадат – парыз» дей келе адамның үлкен-кішісі емес, ақылы болса болғаны ол адамға иман парыз екенін баяндайды.

‎مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَ عَمِلَ صَالِحًا فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَ لَا هُمْ يَحْزَنُونَ  «...Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, олардың алар сыйақысы Раббыларының қасында. Оларға қорқыныш төнбейді, әрі олар қайғырмайды да» («Бақара» сүресі, 62-аят) және

‎آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ ۚ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَ رُسُلِهِ

«Пайғамбар өзіне Раббысы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де (соған иман келтірді). (олардың) барлығы: Аллаға, (Оның) періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман келтірді» («Бақара» сүресі, 285-аят) деген Құран аяттарында да адамның жас айырмашылығы, олар тұратын үйдің үлкен, кіші статусы айтылмайды.

Демек, кейбір адамдар айтып жүргендей имани құндылықтарымыз жасы келген үлкендерге ғана емес, ақылы толысқан әрбір тұлғаға керек дүние. Үлкен үйлер ғана емес, жас отауларға да қажет құндылық.

Мамлюк Мусаев,

«Әбу Насыл әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: