Базарда және дүкендерде сатылатын ұзын етек пен көйлектер тырысып тұрады, яғни адамның дене-бітімін айқындап тұрады.
Олардан басқа киім кию үшін бағасы қолжетімсіз болып тұр. Амалдың жоқтығынан бұл киімдерді киюге бола ма?
Шариғаттың талабы бойынша әйел кісінің (көшеге шыққандағы немесе бөтен ер адамдардың алдында) киетін киімінің үлгісі мынадай талаптарға сай келуі тиіс: Шариғатта рұқсат етілген жерден тыс барлық денесі жабық болуы керек. Құран Кәрімде: «Сондай-ақ зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа», - делінген («Нұр» сүресі, 31-аят).
Дене көрінетіндей жұқа болмауы тиіс. Деректерге қарағанда Тәмим тайпасынан бір топ әйел Айша анамызға (Алла разы болсын) келеді. Үстеріне жұп-жұқа, қабыршықтай киім киген екен. Әзірет Айша (Алла разы болсын) оларға: «Егер мүмін-мұсылман болсаңдар, мына киімдерің мұсылман әйелдің киетін киімі емес», - деп ескерту жасаған екен.
Дене-бітімін сырт көзге қатты бедерлеп тұратындай тырысқан болмауы ләзім. Сахаба Усама ибн Зәйдтің айтуынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған Мысырда жасалған қалың «кұбтыя» деп аталатын киім кигізеді. Ал Усама оны өз әйеліне береді. Кейінірек Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Сен неге (өткендегі киімді) құбтыяны кимей жүрсің? – деп сұрайды. – Әйеліме кигіздім, - деп жауап қайырады Усама. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): – Әйеліңе айтқын, оның ішінен «ғиләлә» (ішінен киетін киім) киіп алсын. Құбтыяның өзін ғана киетін болса, сүйегінің көлемін (дене-бітімін) сыртқа кескіндеп тұрады ма деп қорқамын, - деп ескертті (Имам әш-Шәукәни, Ахмад, Әбу Дәуіт).
Ер кісілерге тән киім болмауы шарт. Ер кісілердің өздеріне тән киімі, әйел кісілердің өздеріне тән киімі бар екендігі мәлім. Ендеше, ел арасында ер кісілерге тән киім ретінде танылған киімді әйелдің киюіне болмайды. Сахаба Әбу Һурайра (Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер кісілердің киімін киген әйелді және әйел кісілердің киімін киген ер кісілерді лағынеттеген».
Сондықтан сауда орындарында киім сатып алғысы келген мұсылман қыз қолдан келгенше өзіне жарасымды әрі аталмыш талаптарға сай киім үлгісін таңдағаны дұрыс. Ондай киімдердің табылуы қиынға соқпас. Ал киген киімі дене-бітімін сырт көзге қатты айқындап, бөтен еркектердің көңілін бұзардай денеге жабысып, тыртиып тұрса, мұнысы шариғат киімін киюдегі мән-мағынаға қайшы болмақ. Ең дұрысы Аллаға мәлім!
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz