26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Неке жүзігі» шариғатта бар ма, жоқ әлде батыстан келген бе?

«Неке жүзігі» шариғатта бар ма, жоқ әлде батыстан келген бе?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Кейбір деректерде «неке жүзігін тағу» дәстүрі сонау ертеректе (Исламнан бұрын) Мысыр елінен шыққан делінсе, кейбір жазушылар оның түп тамыры Көне Грек жерінде жатыр деседі. Бұл қазіргі таңда біздің елімізде де әдетке айналған неке рәсімі болып табылады. Қоғамымызда неке жүзігін тағу үйленгендіктің белгісі саналады.

Неке жүзігін тағу шариғатта жоқ екені рас. Осыған байланысты «неке жүзігін тағу күнә емес пе?» деген сұрақтың тууы заңды. Бұл мәселге екі қырынан қараған дұрыс:

Біріншісі: некесін қиып жатқан мұсылман екі жас батыс еліне еліктеп, солардың дәстүрі ғой деп ұнатып, соларға ұқсау үшін неке жүзігін тағатын болса, олардың бұл рәсімдері хадисте айтылғандай мұсылман еместерге ұқсау болып есептеледі. Бұл – күнә. Әбу Дәуідте келген «кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады» (Әбу ДәуідКитабул Либас – №4031 хадис) деген хадистің де айтпағы осы.

Екіншісі: жоғарыда айтылғандай, қазіргі таңда неке жүзігі қоғамымызда екі жастың үйленіп, үй болғандығының, бұл жұптардың басы бос емес екендігінің белгісі ретінде әдетке айналған. Сол себепті, үйленгелі жатқан мұсылмандар бұл әрекеттерін тек қоғамымызда қалыптасқан дағды бойынша тағып, ниеттері «неке жүзігі – үйленгеннің нышаны» деген түсінікке саятын болса, батысқа еліктеу деген ойларына кіріп те шықпайтын болса, неке жүзігін тағудың (ер кісілерге күміс неке жүзігін тағу шартымен) еш әбестігі жоқ. Өйткені, Ханафи мәзхабының ғұламасы Ибн Нүжәйм (х.926/970. м.1520/1563ж.) деген есіммен әйгілі Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи былай дейді:  «Бір әрекетімізде өзге діндегілерге ұқсап кетеді деуіміз үшін  екі шарты бар» дейді:

1. Аталмыш әрекеттің өзі шариғатта тыйым салынған болуы керек (мысалы, темекі шегу, арақ ішу, бөтен қыз бен еркектің билеуі т.б.);

2. Сол әрекетті өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жасаған болуы.

Ендеше, отбасы құрғысы келген мұсылман кісілер мына талаптарды ескеретін болса, «неке жүзігін» тағуға рұқсат: Біріншісі – неке жүзігін тағарда ер кісі алтын емес, күміс жүзік таңдауы ләзім. Екінші талап – неке жүзігін тағарда батыстағыларға еліктеу ниеті болмауы тиіс. Міне, осы екі талапты ескеретін болсақ, неке жүзігін тағудың шариғатқа еш терістігі жоқ.

материал «Заман тудырған сұрақтар, ІІ том» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: