26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әке – отбасы-орманын тозақтан сақтайтын адам

Әке – отбасы-орманын тозақтан сақтайтын адам

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әке ақысы – салмағы ауыр ақы. Шындап келгенде, әкенің ақысын түгелімен өтеу де мүмкін емес.

Бұл – Пайғамбар сөзі. Бір хадисінде әзірет Мұхаммед әкесі қандай адам болса да (мейлі жаман не жақсы), перзенті әке ақысын шынтуайтында ешқашан түгелдей өтей алмайтынын нақты айтып кеткен. Әкесінен қандай азап, зұлымдық, ұрыс-соғу т.с.с. жамандық көрсе де, перзенттің әкесіне ақымды кешпеймін деп айтпақ түгіл, мұндай ой ойлауға да қақысы жоқ. Алла тағала перзентке ондай құқық бермеген. Әкенің перзентін кешірмеуге, ренжуге, ақысын талап етуге, ақысын кешпеуге, тіпті теріс батасын беруге қақысы бар, бірақ Пайғамбарымыз мүмкіндігінше әкелердің де бұл тәсілді қолданбағанының абзалдығын, перзентіне ашуланса да мейіріммен қарағанының мақұл екенін айтып өткен.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Әбу Һурайра арқылы жеткен сахих хадисте былай делінген: «Ешбір перзент әкесінің ақысын өтей алмайды. Бәлкім, әкесін құлдықта жүрген жерінен тауып алып, оны (құл иеленушіден) сатып алып, құлдықтан азат етсе, сонда оның ақысының болмашы бөлігін ғана өтей алуы мүмкін». Осы хадисте назар аударарлық жайт – ешкімнің ешқалай әке ақысын өтей алмайтындығы. Болар-болмас мүмкіндік те ілуде бір кездесетін жағдай, яғни қазіргі заманда әкенің құлдықта болуы да, оны сатып алу да мүмкін емес қой.

Құрандағы әке тақырыбына келер болсақ, «Тахрим» сүресінде «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды имандылыққа, адамгершілікке баулу арқылы отыны адамдар мен тастардан құралатын тозақтан – сұрапыл оттан қорғаңдар» делінеді. Олай болса, әке деген сөздің негізгі анықтамасы – алдымен өзін, кейін отбасы-орманын тозақтан сақтайтын адам. Тозақтан сақтаудың бірден-бір жолы, яки әкенің міндеті – отбасына иманның дәнін егу, адамгершілікке тәрбиелеу. Алланың сөзіне алып-қосарымыз жоқ, бұл аяттан, үйреншікті танымымыздағыдай, отбасының тәлімгер-тәрбиешісі ана ғана емес, бала-шағаның негізгі ұстазы – әке деген мағына шығады. Осы міндетті адал атқарған жан ғана әке деген абыройлы атқа, атаққа лайық.

материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: