28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ерінің әйеліндегі хақтары мыналар

Ерінің әйеліндегі хақтары мыналар

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ерінің әйеліндегі хақтары мыналар:

1. Әйелі күйеуінің хақын өзінің және туыстарының хақтарынан жоғары қоюы керек. Өйткені күйеуінің әйеліндегі хақы өте үлкен.

2. Етеккірі келген және босанған кездерден басқа уақытта, күйеуі әйелін қаласа, бұған қарсы келуге болмайды. Қай кезде болсын күйеуі төсекке шақырған сәтте айтқанын орындағаны жөн. Күйеуінің қалауын орындамаған әйел күнәкар болады әрi оны періштелер лағынеттейді. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер ерi төсекке шақырғанда, әйелі бас тартып, күйеуі оған ашуланып жатса, таң атқанша періштелер ол әйелді лағынеттеп шығады», – деді», – деген. Талқ ибн Әли (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер ерi қажетін өтеуге шақырса, әйелі тандыр басында болса да, келсін», – деді», – деген.

Бұл – еркектiң әйелiндегі хақтарының ең негізгісі. Өйткені бұл – бақытты һәм жарасымды тiршiлiк етуге апарушы себеп. Ал әйел өзінің міндетін білмей, күйеуінің осы хақын орындамаса, араларында кикiлжiң туындап, iстiң ақыры ажырасумен аяқталуы мүмкін. Қазiргi қоғамда ерін құрметтемейтін әйелдердің көп екені жасырын емес. Мұндай надан әйелдер туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер әйел күйеуінің төсегін тастап, (өзі жалғыз) жататын болса, таң атқанша періштелер оны лағынеттеп шығады», – деген.

3. Рамазан айынан басқа кездерде әйелі күйеуінің ризалығын алмай, нәпіл ораза ұстай алмайды. Өйткені әйелі ораза ұстаған болса, күйеуі күндіз оған қосыла алмайды. Ал қосылу – еркектің хақы. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел адамның күйеуі бар кезде, оның рұқсатынсыз ораза ұстауы халал емес», – деді», – деген. Сондай-ақ әйелі күйеуiнiң келісімімен ғана үйіне (біреудің) кiруiне рұқсат бере алады.

4. Үйінен, күйеуi рұқсат бермеген жағдайда өз төркініне болса да, ешнәрсе беруге болмайды. Ал берсе, бұл әйел үшін күнә, күйеуі үшін сауап. Әйелдің тек қана күйеуінің тапқан ризығынан садақа беруіне болады. Айша (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер әйел күйеуінің iшер асынан садақа берсе, әйелге садақаның сауабы, күйеуіне бейнет етіп тапқанының сауабы болады және сақтағанға да сондай сауап бар», – деді», – деген.

5. Әйелі күйеуінің рұқсатымен ғана үйінен шыға алады және бiр жаққа барар болса, күйеуінің рұқсатын алуы керек. Сондай-ақ күйеуі қатынасуын қаламаған әйелдермен араласпайды.

6. Әйел Алла Тағала ризық етіп берген, күйеуінің тапқанына қанағат етуге мiндеттi. Күнкөрістің қиындығына немесе жағдайларының төмендiгiне қапаланбай, керісінше, барға қанағат етiп, күйеуінің еңбегін бағалай білуі керек. Өйткенi қанағат жоқ жерде тойымсыздықтан харам кәсіпке беріліп кету қаупі бар. Бәлкім, әйелі күйеуіне «қанағат қарын тойдырарын» айтып, харам жолға түсуден сақтандырғаны жөн болар. Себебі ізгі кісілердің әйелдері күйеуі үйден шығып бара жатқанда: «Харам жолдан абай бол. Аштыққа шыдаймыз, бірақ тозақ отына төзе алмаймыз», – дейтін еді.

7. Әйел әуретін жауып, туыстарынан өзгеге ажарын көрсетпегенi игi. Ал күйеуінен басқа еркектiң алдында шешінуi харам. Қысқа және жұқа киімдерді киюдiң үкiмi де сол сияқты. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Күйеуінің үйінен басқа жерде киімін шешкен әйел, өзі мен Раббысының арасындағы пердені жыртқан болады», – деді», – деген. Яғни өз-өзін ұятқа қалдырып, қадiрiн жоғалтады. Бұл – жағажайлар мен би алаңдары сияқты көпшiлiк орындарында жалаңаштанатындарға қатысты айтылған сөз. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Мен әлi көрмеген, тозақтық екi топ бар. (Бірі) – сиырдың құйрығы сияқты қамшымен адамдарды ұратындар. (Екіншісi) – жалаңаштануға (өздері) берілгенiмен (қоймай, өзгені де) бүлдiретiн, бастары (шаштары) түйенің қисық өркешіне ұқсас әйелдер. Олар жұмаққа бармақ түгiл, иiсi пәленбай жерден келiп тұрғанына қарамастан, одан мақұрым қалады», – деді», – деген. Бiрiншi топқа залымдардың көмекшілерін жатқызуға болады. Олар адамдарды ұрып, сабап, азаптағаннан өзгенi білмейді. Бұлар біздің заманымызда бар. Екінші топ – ардан безген, жеңіл жүрісті әйелдер тобы.

8. Әйелге өз қажетіне орай күйеуінің досымен танысуына болмайды. Мәселен, дүкенге барып, күйеуінің досымен өз бетімен танысуына рұқсат жоқ. Сондай-ақ үй иесі үйде жоқта досы есік қағып келсе, онымен сөйлесуіне де болмайды. Өйткені бұл танысудың аяғы қызғаныш пен бұзықтықтың отын өршiтуi мүмкiн.

9. Күйеуiнiң алдында ажарын бұлдап мақтануы немесе күйеуі сүйкімсіз болса, оны кемсітуі харам. Егер әйел бай болса, дәулетіне масаттанып дандайсып кетпей, керісінше, күйеуін қадiрлеп, онымен санасқаны жөн.

10. Игi мiнездi, мүмiн әйел балаларына мейірімді ана болады. Былапыт сөз бен қарғыс айту – игі мінезді әйелге жат әдет. Сондай-ақ күйеуінің жақсылығын асыру да оған тән iс. Алайда әйелдердiң көбi бұл жайттарға көңіл аудара бермейдi. Баласын қарғап-сiлеу және түкке тұрмайтын нәрсе үшiн күйеуінің бар жақсылығын жоққа шығару – көп әйелдерге тән қылық. Тозақта әйелдердің көп болатын себебі де осында. Пайғамбар (с.а.с.) миғражға шыққанда, тозақтағылардың көбінің әйелдер екенін көргендігі айтылады. Себебі сұралғанда: «Өйткені олар қарғысты көп айтады және күйеуінің жақсылығын жоққа шығарады. Өмір бойы жақсылық көрiп келе жатса да, күйеуінiң бірер жамандығына орай, «сенен еш жақсылық көрген жоқпын» деп шыға келедi», – деген. Бұл хадис әйелдерді осындай жаман әдеттердi тастауға үндейді. Бiрақ мұны «әйел хақын жеуге болады» деп түсінбеген абзал. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұндағы мақсаты – әйел затын жақсы, көркем мiнезге үндеу. Сондықтан қыз баланы әуел бастан жақсы мінез-құлық пен игi сипаттарға әдеттендіріп, тәрбиелеу қажет. Кейін ол күйеуiнiң опалы жары ретiнде Алла Тағаланың ризалығына жетіп, сауабына бөленеді.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: