28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Шариғатта баланың тегін қалай анықтайды?

Шариғатта баланың тегін қалай анықтайды?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Некенің дұрыс яки бұрыс екендігінде күмән болса немесе жақындасқан жақындаспағаны нақты болмаса, не болмаса растау не айқындық бар болған жағдайда баланың ата-тегі әке жағынан анықталады.

1. Дұрыс (сахих) яки бұрыс (фасид) некенің болуы.

Егер де неке келісімінің болғаны анықталып, қалған шарттар бар болса, ата-тек өздігінен анықталады. Күмәнді жақындасу нәтижесінде дүниеге бала келсе, осы үзір жағдай дәлелденсе де, баланың ата-тегін еркекке тиесілі етуге себеп бола алады.

2. Растау (иқрар) жолымен анықталуы. Ата-текті растау екіге бөлінеді. Мұнда ата-текті өзіне немесе өзгеге тиесілі етеді.

Бір ер адам «Бұл бала менікі» яки «Бұл – менің балам» деп растайтын болса, төмендегі шарттар жүзеге асқанда барып оның ата-тегі анықталады.

А. Бір кісі әлдебір баланы «мынау – менің балам» деп расаған кезде, ол баланың басқа бір кісіге тиесілі екендігі анық болса, әлгі кісінің растауы қабылданбайды. Өйткені Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм) ата-тегін өз әкесінен басқаға теліген адамға қарғыс айтқан.

Ә. Араларындағы жас айырмашылығы. Яғни, әкенің балаға әке бола алатындай жаста болуы қажет. Мысалы, өзін әке есептеген еркек – отызда, ал бала – жиырма бесте болса, бұл қисынға келмейтіні анық. Себебі бес жастағы баланың үйленіп, балалы болуы әсте мүмкін емес.

Б. Растаған адамның ақыл-есі дұрыс (тәмиз) болуы керек. Көптеген ғұламалар бұған қоса балиғат жасына жетуі тиіс дегенді қосады.

В. Ата-тегі үшінші бір адамға жүктелмеуі қажет. Мысалы, бір адамның «бұл – менің бауырым» деп біреуді растауы – оның сол кісінің ата-тегін өз әкесіне тиесілі еткені болып саналады. Оның өзге туыстары мұнымен келіспейтін болса, онда бұл растау да қабылданбайды.

Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, бір адам «Бұл – менің бауырым» деп, ата-тегін өзгеге, яғни әкесіне теліген кезде не әкесі осы растауға қатысуы керек, не осы растаудың дұрыстығын нақты дәлелдеуі қажет. Ал әкесі бұрын өліп кеткен болса, мирасқорларының арасынан екі адам осы растауды құптауы шарт. Егер аталған шарттар жүзеге асып не дәлелденбесе, онда қабылданбайды. Мысалы, ата-тегін таныған бала жарлы болса, күтімін өз мойнына алып, әкесінен қалған мирасқа иелік ете алады.

3. Айқын дәлелдің (бәйинә) болуы.

Айқын (бәйинә) дәлел танудан әлдеқайда қуатты, өйткені айқын (бәйинә) дәлел – дәлелдердің ең күштісі. Айқын дәлелге мыналар жатады. Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің көзқарастары бойынша, екі ер кісі яки бір ер кісі мен екі әйел. Мәликилер бойынша, екі ер кісі. Куәлік ету көру яки естуге негізделуі қажет. Тікелей көру мен естуге сүйенбесе, онда куәлік жасауға болмайды, өйткені ардақты пайғамбар бір куәгерге: «Күнді көріп тұрсың ба?» – деп сұрағанда, әлгі адам «иә» деп жауап береді. Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм) сонда: «Дәл осылай көрген болсаң, куәлік ет, болмаса куә болудан бас тарт», – дейді.

Баланың тегін физиологиялық ұқсастық арқылы да анықтауға болады. Ғиддатты күту үстіндегі бір әйел тұрмыс құрып, ғиддат ішінде босанса, сол кезде бұрынғы ері мен кейінгі ері жаңа туған баланы «менікі» деп таласса, бала кімге тиесілі болмақ және бір баланы екі яки үш ер кісі «менің балам» деп танығысы келсе бала кімдікі болмақ?

Ханафи мәзһабы бойынша, бір балаға екі ер кісі таласатын болса, бұлардың бірі – дұрыс (сахих) яки бұрыс (фасид) неке арқылы төсек иесі болған болса, онда бала соған тиесілі. Ал екеуі де төсек иесі болған болса, онда бала екеуіне де тиесілі. Бұл мәселеде ата-текті зерттеп жүрген арнайы мамандардың көмегіне жүгіну артықтық етпейді.

Алайда, Шафиғи, Малики, Ханбали мәзһабтарының көзқарасы бойынша, физиологиялық ұқсастықтарға сүйеніп ата-тегін анықтауға болады. Оған әзірет Айшадан жеткен мына хадис дәлел: «Бір күні Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм) жүзіне қуаныш ұялап жаныма келді де, ата-тек зерттеуші Мужәззиздің Зәйд ибн Харисә мен баласы Усама ибн Зәйд туралы: «Бұл аяқтардың иесі – мына кісінің ұрпағы» дегенін айтты. Хақ Пайғамбар Зәйд ибн Харисәні бір кездері азат етілген күңі – Үммі Әймәнмен үйлендірген болатын. Көп ұзамай бұл некеден дүниеге Усама келді. Усамә қап-қара, ал Зәйд болса ақшыл түсті кісі еді. Мұнафықтар осы өзгешелікті сөз етіп, ел арасына өсек таратты. Осы жағдайдың анық-қанығына жету үшін мешітке халықты жинап, әкелі-балалы екеуін жерге жатқызып, үстіне жамылғы жауып, тек аяқтарын ғана жалаңаш ашып қойды. Сосын ата-тек зерттеуші маманды шақыртты. Ол аяқтарға қарап тұрып «мына аяқ мына аяқтан тараған», – деп анықтап берді. Сол кезде Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм) осы хабарға қуанып, осы жол арқылы да анықтауға болатындығын құптаған (тақрир). Бүгінгі кезде «ДНК» тесті арқылы баланың ата-анасының кім екендігін қатесіз табуға болатынын білеміз. Бұл әрине физиологиялық ұқсастықтар арқылы текті анықтау.

материал «Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: