28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламның әкелерге артар жүгі мен жауапкершілігі

Исламның әкелерге артар жүгі мен жауапкершілігі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Құрандағы әке тақырыбы туралы «Тахрим» сүресінде «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды имандылыққа, адамгершілікке баулу арқылы отыны адамдар мен тастардан құралатын тозақтан – сұрапыл оттан қорғаңдар» делінеді.

Олай болса, әке деген сөздің негізгі анықтамасы – алдымен өзін, кейін отбасы-орманын тозақтан сақтайтын адам. Тозақтан сақтаудың бірден-бір жолы, яки әкенің міндеті – отбасына иманның дәнін егу, адамгершілікке тәрбиелеу. Алланың сөзіне алып-қосарымыз жоқ, бұл аяттан, үйреншікті танымымыздағыдай, отбасының тәлімгер-тәрбиешісі ана ғана емес, бала-шағаның негізгі ұстазы – әке деген мағына шығады. Осы міндетті адал атқарған жан ғана әке деген абыройлы атқа, атаққа лайық.

Енді Алланың кітабының кейіпкерлері – әкелерді еске түсіріп көрейік. Баршаға мәлім, осынау жалпақ жаһандағы ең алғашқы әке, күллі адамзаттың атасы – Адам ата. Адам ата тек қана өз кіндігінен тараған балаларының ғана емес, Жаратушы тарапынан бүкіл адамзат баласының әкесі деген міндетке лайық бола тұра, әкелік сынағының ең ауырын басынан өткерген; яғни жақсы мен жаманның – Абыл мен Қабылдың әкесі атанған.

Өз кезегінде Нұх пайғамбар да перзентімен сыналған әкелердің бірі, ол да тілазар ұлына қанша жанашырлық танытқанмен, баласын қыңырлықтан қайтара алмаған бауыр еті езілген әкенің көркем мысалы.

Исі мұсылман милләтінің арғы бабасы саналатын Ибраһим пайғамбар бір жағынан өз әкесі Әзердің пұтқа табынғанына қынжылып, әкесімен сыналса, екінші жағынан қартайып белі бүгілген шақта көрген сүйікті ұлы Исмайылды құрбандыққа шалу үшін Алланың пәрменіне бойсұнуға мәжбүр болған қажырлы әке.

«Юсуф» сүресіндегі қиссадан Жақып пайғамбар мен ұлдары арасындағы пікірталас, жоғалған ұлы Жүсіпке деген әке сағынышы, көзайымы баласымен әкенің қауышуы сияқты.

Әке – отағасы, шаңырақтың құрушысы, отбасының локомотиві, отбасына қатысты әрбір шаруаға бүге-шігесіне дейін жауапты жан. Материалдық қажеттіліктерді өтеумен қатар бала тәрбиесіне жан-жақты жауап беру де, тек қана дүниелік емес, әйел, бала-шағаның ақыреттегі хал-күйіне жауапкершілік те – әкеге парызы. Исламның әкеге артар жүгі осы.

Пайғамбарымыз әкелердің ең жоғарғы өнегесі болғандықтан, Сафа биігінде ел-жұрттың көзінше қаршадай қызына тәлім берген. Осы тәлімі арқылы «қызым саған айтам, әкелер, сендер тыңдаңдар» дегенді де ұқтырған.

Ал әке имани тәрбие тұрмақ, баласына балам деп еміренбейтін, ләйліп ойына келгенін істеп, жауапкершіліктен жұрдай әуейі болса, ондай әке туралы не айтуға болады?

Әрбір отбасылы еркектің әке болуға деген талпынысы, құлшынысы, ерлі-зайыпты атанған соң тек қана әйелдің емес, ер кісінің де перзент сүюге деген құштарлығы болатынын жасына, басына қарамастан, бір перзентке зар болып, Алладан үздіксіз тілек тілеген Зәкәрия пайғамбардың дұғасынан, ұлды болғандағы қуанышынан аңдамау мүмкін емес.

Лұқман пайғамбардың ұлына насихаты да Құран аяттарымен нақтыланған, қиямет-қайымға дейінгі мұсылманға әкенің бала тәрбиесіндегі орнын көрсеткен, тәлімнің тәсілін үйрететін жолбағдар сияқты.

Қыздардың әкесі ретінде сипатталатын Шұғайыб пайғамбар қиссасы болса, әке мен қыздарының байланысын айғақтайтын Алланың баяны.

Әкенің міндетін нақтылауға тағы бір мысал, әйгілі оқиғаны еске түсірейік, Пайғамбарлықтың үшінші жылы жақын туған-туысқандарын иманға шақыруға Алладан әзірет Мұхаммедке рұқсат беріледі. Сол мақсатты жүзеге асырмақ болып, Пайғамбарымыз барша жұрағатын Сафа төбесіне – дөңге жинайды. Жиналған жұрттың бас-аяғы қырық-елу шақты ағайындары.

Ел жиналған соң Пайғамбарымыз барлық ағайындарын әулеттерімен атап түгендейді. Алдымен етжақындарын, әкесімен бірге туған Өзінің көкелерін, тәтелерін атап шыққан соң қызы Фатымаға қарата мынадай насихат айтады: «Қарашығым, Фатымам! Алладан нәпсіңді сатып алу үшін қолыңнан келгенді жаса, мықтап қамдан. Әкем пайғамбар екен деп маған әсте сенуші болма. Есіңде болсын, уаллаһи, билләһи, ертеңгі күні – махшардағы есеп майданында мен сені құтқарып қала алмаймын».

Фатыма анамыз сол тұста небары жеті-сегіз жасар бала болған. Осыдан ұғарымыз – Пайғамбарымыз әкелік міндетін еш уақытта ұмытпаған, ет бауыры езіліп тұрса да әділетті, Алла алдындағы міндетін әрдайым жоғары санаған. Бұдан шығатын қорытынды – бала-шағасына имани тәрбие беру ең алдымен әкенің негізгі міндеті. Әрбір әке «Тахрим» сүресінде айтылған өз міндетін ұққанда ғана толыққанды жауапкершілігін сезіне алады. Иман мен Ислам негіздерін әкенің өзі міндетіне алып, қадағалауы тиіс.

материал «Отбасы – дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: