27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Күйеуінің көзайымына айналған әйелдің сипаты

Күйеуінің көзайымына айналған әйелдің сипаты

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Бұл дүние (мен ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел». (Муслим рада 64, Нәсәи никәх 15, Ибн Мәжә никәх 5).

Хадиске түсіндірме: Фәни дүние – адамның уақытша тұрақтайтын мекені. Адам өмірде аз уақыт ағаш көлеңкесін саялап, сапарын одан әрі жалғастырған жолаушы іспетті. Адамның өзі де, өмірдегі пайдаланатын нәрселерді де жоқ болуға тәуелді, яғни, мәңгілік емес. Адам көрген білген, қолына алған әрбір заттан фәниліктің мөрін көреді. Мәңгілік тек Алла ғана!

Фәни дүние тірішілігі ақирет жұртымен салыстырғанда болмашы, аз бір күнкөріс. Алла тағала Құранда: «...Бұл дүниенің тіршілігі аз күндік болмашы күнкөрістен тұрады. Ал ақиретке келсек, ол нағыз мәңгі-бақи тұрақтайтын мекен» - дейді («Мүмін», 39).

Алла тағала Құран кәрімде салиқалы әйелге тән сипаттарды төмендегіше баян етеді: «Ал ізгі әйелдер - Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің хақысын аяқ асты етпей (арын, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бірде: «Сендерге жаннаттық әйелдердің сипаттарын айтып берейін бе?» - дейді. Қасындағы сахабалар: «Әрине, уа, Алланың елшісі!» - дегенде , Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай айтады: «Күйеуінің көзайымына айналған және бала туудан қашпайтын, күйеуі ренжитін болса , қолынан ұстаған күйі: «Отағасы , сіз менен разы болмайынша, көз ілмеймін», - деп ерінің алдында ізетпен барынша иілетін әйелдер».

Тағы бірде: «Әйелдердің ең қайырлысы кім?» - деп сұралғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қарағанда сүйсінетін, күйеуінің айтқанын бұлжытпай орындайтын және жиған дүниесін оңды-солды шашпайтын әйел» - деген.

Салиқалы әйел – ерін, масаның қанатына да татымайтын жалған дүниеге құл болудан сақтап қалуға барын салатын, жұдырықтай ғана жүрегі иман нұрына шомған ақылды әйел. Күйеуі сүрінсе сүйеніші болатын, қолынан ұстап тек жақсылыққа қарай жетелейтін, адал жолмен табыс табуға ынталандыратын әйел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұндай әйелдің қандай үлкен нығмет екенін бір хадисінде былайша баян етеді:

«Адамды өмірде бақытты ететін мына үш нәрсе: салиқалы әйел, жақсы көлік, кең үй. Адамды бақытсыз ететіндер: мінезі жаман әйел , жаман көлік , аясы тар үй».

«Тәубе» сүресінің 34-35 аяттары түскен кезде, сахабалар қатты уайымға батады. Себебі ондағы аяттарда дүние жинап, жиған малының зекеті мен садақасын бермеген адамның ауыр азапқа душар болатындығы баян етілген. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ардақты сахабаларын жұбатып: «Сендер Аллаға шүкірлік ететін жүрекке, Оны күндіз-түні зікір ететін тілге, иманды да салиқалы әйел ақирет бақытына жетулеріңе жәрдемші болады» - дейді.

Әзіреті Әли (р.а) Құрандағы: «Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақиретте де жақсылық бере көр және тозақ отынан сақтай көр!» - деп келетін дұғадағы «осы дүниеде жақсылық бере көр» сөзін «діндар, салиқалы әйел» - деп түсіндірген.

Салиқалы әйел кім десеңіз, ол:

- Сондай мейірбан, кішіпейіл , қиындыққа төзімді, басқаға түсіністікпен қарап, қатесін кешіре білетін, жүрегі Алла деп соғатын иманды жан.

- Балаларын мейірім құшағында тәрбиелеп, күйеуіне барынша бойсұнатын аяулы жар.

- Қандай да бір орын алған оқиғаға ақыл көзімен қарап, ғибрат ала білетін даналық иесі.

- Отбасында әрдайым сүйіспеніліктің береке-бірліктің, өзара құрметтің, бауырмалдықтың салтанат құрғанын қадағалайтын ханшайым.

- Әрбір сөзімен , жасаған амалымен, жүріс тұрысымен басқаларға үлгі тұлға.

- Өзі жасаған жақсылықты ұмытса да өзгенің жақсылығын еш ұмытпайтын қайырымды жан.

- Шынайы дұрыстықтың символы. Қырсықтық, тәкаппарлық, өсек айту секілді жаман қылықтарды оның бойынан көре алмайсыз. Үнемі Алласы мен күйеуінің разылығын көздеп, екі жақтың да ата-анасын құрметтеу арқылы ағайын-туысқа үлгілі келін атанады.

материал «Ең бақытты әйел» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: