27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Балаңыз 7-10 жас аралығында болса, мынаны біліңіз

Балаңыз 7-10 жас аралығында болса, мынаны біліңіз

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ислам дінінде бала тәрбиесінде тәмииз жасының маңыздылығы ерекше. «Тәмииз» араб тілінде «ажырату, айыру» деген мағынаны білдіреді. Тәмииз жасы дегеніміз, баланың бір нәрсені басқаларынан саналы түрде ажырата алуы. Тәмииз жасын мұсылман ғұламалар өздерінің зерттеу салаларына қарай әр түрлі сипаттаған.

Мысалы, хадисшілер айтылған нәрсені толық түсініп, жауап бере алу жасын «тәмииз жасы» деп көрсетеді. Тәпсіршілер болса, «әлі әйел әуретінің байыбына бара қоймаған балалар» деген аятқа сүйеніп, әуретті түсінген баланың тәмииз жасына кіретінін айтады. Алиул-Қари бұл жастың жеті жас екенін айтады. Ислам құқықшылары болса, баланың келісім шарттардағы сөздерді азды-көпті түсіне алатын жасын «тәмииз жасы» деп атаған. Ал Нәуәуи: «Тәмииз жасы шамамен 7-8 жас. Ғалымдарымыз (фықыхшылар): Тәмииз жасы жеті жастан бұрын да, сегіз жастан асқаннан кейін де болуы мүмкін, бұл жерде жас емес, баланың түсінігі маңызды», − деп құқықшылардың пікірін баяндайды. Ғалымдар осылайша тәмииз жасын әртүрлі сипаттағанымен, көпшілік 7-8 жасты тәмииз жастың бастауы деп қабылдаған. Олар пікірлеріне дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына хадистерін көрсетеді: «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды бұйырыңдар». «Балаға қай жастан бастап намаз оқытқан дұрыс?» деген сұраққа Пайғамбарымыз: «Бала оңы мен солын айыра білген кезде» деп жауап берген.

Хадистерде айтылған «бұйырыңдар» деген сөздің орнына басқа хадис кітаптарында «үйретіңдер» деген сөз де қолданылады. Осыған қарап ғалымдар жеті жаста балаға намазды үйрете бастау керек дейді. Себебі, намаздың толық парыз болатын уақыты балиғат жасынан басталады. Сондықтан 7 жасынан бастап бала намаз оқуды үйрене бастаса, он жасынан бастап намазды күнделікті оқуға жаттығады, осылайша ол балиғат жасына келгенде намаз оқудың қыр-сырын толық меңгерген болады.

Жоғарыдағы екі хадисте жеті жас аталғандықтан ғалымдардың көпшілігі жеті жасты тәмииз жасы деп есептеген. Сонымен қатар басқа хадистерде намаз үйрену жасы ретінде баланың 20-ға дейін санай білуі, намаздың не екенін түсінуі, сүт тістерінің түсуі секілді сипаттар айтылады. Ғалымдар осы хадистердің бәрін қарастырып, намаз оқи бастаудың, яғни үйренудің жасы тәмииз жасынан басталатынын айтады. Сонымен қатар ғалымдар балаларға 7-8 жасынан бастап, намазға қатысты парыз, уәжіп, сүннет деген сияқты мәліметтерді үйрете бастау керектігін айтқан. Ал он жасында баланың толықтай бес уақыт намазға өту керектігі айтылады. Сондықтан біз жоғарыдағы хадистерге әрі мұсылман ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, 7-10 жас аралығын тәмииз жасы деп алдық. Бұл кезең – қазіргі қоғамда баланың бастауыш мектеп жасы. Енді, осы жас аралығында баланың физиологиялықпсихологиялық жағдайында қандай өзгерістер болатынына, сондай-ақ осы жас аралығында баланың діни тәрбиесіне қатысты мәселелерге тоқталмақпыз.

Физиологиялық тұрғыда қарайтын болсақ, бастауыш мектеп балаларына тән нәрсе – бойының біркелкі өсуі және денесінің пропорциялық қалыпта өзгеруі. Бұл кезеңде баланың қаңқасы тым иілгіш әрі жұмсақ болады. Өйткені қатайтқыш минералдық тұзы бар сүйек тканьдары әлі жетілмеген. Оның орнына шеміршек тканьдары көп болады. Буын және бұлшық еттерін тік ұстауға ықпал ететін омыртқа тым әлсіз. Осының салдарынан денесін ұзақ уақыт тік ұстап тұру балаға қиынға соғады.

Бұл жастағы баланың биологиялық жағынан жетілуі оның психологиясының қалыптасуымен тығыз байланысты. Мінез-құлқындағы үлкен ерекшелік – өте сезімталдығы. Айтқанды тез қабылдап, әрі соған орай өзінің көңіл күйін (қуану, ренжу, таңдану, т.б.) білдіреді. Бірақ әлі шын еріктілікке жетпегендіктен, өздерін дұрыс ұстай алмайды. Ақылға қонымды яки қонымсыздығына қарамай ойын бірден айта салады. Ой тежеу жүйесінің әлсіздігінен оларда алаңғасарлық мінез басымдау болады. Сондай-ақ 7 жастағы бала көркем сөйлеуді ұнатып, әрі бойынан шындықты білуге құштарлық, еліктегіштік қасиет көріне бастайды.

Осы жас аралығын «үйрену кезеңі» деп те атауға болады. Себебі, бұл жастарда баланың рухани жан дүниесі үйренуге және үйренген мәліметтерін зейінінде жинақтап, қорытып, ой жүгіртуге, сезімдері, ой-пікірлері және іс-әрекеттері арқылы әлеуметтік өмірге бейімделуге оңтайлы келеді. Қысқаша айтсақ, жеті жасар бала жүйелі түрде тәлім-тәрбие алуға рухани тұрғыдан дайын.
Жеті жастың ата-ана үшін ең қолайлы жағы: баланың түсінік айту қабілеті барынша дамығандықтан, өзі туралы айта алатын жағдайға қол жеткізеді. Ал олармен шынайы әңгімелесу барысында олардың діни сезімдері мен пікірлерін біле аламыз.

Жеті жасар баланың иманы даму үстінде болатындықтан, балалардың діни терминдерді үйренулері, оларды сөйлеу тілінде қолдануы да арта түседі. Олар өздерінің сенімдері жайлы сөз ете бастайды. Алла тағаланың бәрін көріп-бақылап тұратынын, әрбір ісіне жәрдемдесетінін ойлана алатын жағдайға жетеді. Бұл жастағы баланың дұғасында өзі үшін тілек тілеуден гөрі Алла тағалаға алғыс айту басымдау келеді. Дұғаларында сезімге берілу байқалады. Сондайақ тілектері ақыл-ойға қонымды бола бастайды. 7-10 жас аралығында балалардың мінез-құлқы тұрақтанады. Оның жақсы мінез-құлықтарды бойына жинақтауына сол аралықта дами түскен діни дүниетанымы да өз әсерін тигізеді.

Бастауыш мектеп кезеңіндегі бала физиологиялықпсихологиялық тұрғыдан жетілген сайын бойында өзімшілдік қылықтар азайып, қоғамдық белсенділікке қарай қадам басады. Әсіресе, 8-10 жастарда баланың әлеуметтік, рухани және эстетикалық қабілеттері бой көрсетеді. Егер жан-жақты дамуға мүмкіншілік жасалса, осы жастың өзінде балалардың даналыққа қадам басатындықтарына күмән жоқ. Мысалы, Құран Кәрімде Яхия пайғамбар (а.с.) жайлы: «Уа, Яхия! «Кітапқа барынша беріл» деп, бала кезінің өзінде оған үкім, жұмсақ жүрек және саф көңіл бердік. Ол Алланың алдында тақуа еді» – дейді. Аят бойынша бала жаста оған берілген «үкімнің» кейбір тәпсір кітаптарында даналық, білім, пайғамбарлық екені, ал кейбіреулерінде байсалдылық, ынта, жақсылыққа құштарлық, жақсылық жолындағы жанкештілігі екені айтылады. Ал Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Бауырым Яхияға Алла тағаланың рақымы жаусын! Балалар оны ойынға шақырғанда, әлі сегіз жасында болса да, «Ойын үшін жаратылған жоқпын ғой», − деген. Күнәлары дәптерге жазылатын жасқа жетпеген бала осылай десе, ол жастан асқан адам не деу керек?» – деп, Яхия пайғамбардың сегіз жасында-ақ хикметті сөз айта алатындай қабілетке қол жеткізгені баяндалады.

Осы кезеңнің соңына қарай, яғни 10 жастағы бала дамудың шыңына қадам басады. Физиологиялықпсихологиялық тұрғыдан айтарлықтай жетілгендіктен, үлкендермен қарым-қатынастарында тепе-теңдікті сақтап, тіл табыса алатын дәрежеге жетеді. Қысқасы, 10 жас − балалықтың ең бақытты шағы.

Баланың 7-10 жас аралығы діни тұрғыдан мына маңызды қасиеттерге ие: бұл кезеңде баланың бойында ар-ождан қалыптаса бастайды, адамгершілік түсінігі дами түседі. Әсіресе 7-9 жасынан бастап бала жаман-жақсы, дұрыс-бұрысты ажырата бастайды. Осы кезеңде өзіне нағыз үлгі аларлық адамды таңдауды қажетсінетіндіктен, үлкендер де мұны қаперде ұстағаны жөн. 7-10 жас аралығындағы балалардың діни түсініктерінде де едәуір тереңдік байқалады. Олар Алла тағаланы бәрін жаратқан, бәрін білетін, көретін, еститін, сансыз нығметтерді, ризықты адамдарға беретін, құлдарына жаны ашып, шексіз мейірімін төгетін, күллі әлемді жаратқан Ұлы Жаратушы ретінде таниды. Бұл жастағы балаларға Алла тағаланың бар әрі жалғыз екенін, Оның серігінің жоқ екенін түсіндіру үшін көбінесе көру-бақылау әдісін қолданған тиімді. Мысалы, Алла тағаланың жаратқан нәрселеріне зер сала қарап, жаратушылық сипатын түсіндіруге болады. Жақсылық пен әділеттігіне мысалдар келтіре отырып, Рахман (аса рақымды), Рахим (тым мейірімді) және Адил (әділ) деген көркем есімдерді түсіндіріп, сүйіспеншілігін арттыра түсу керек. Мысалдарды барынша өмірден алып, баланың өзін ғаламның жаратылысы жайлы ойлануға жетелеп, ізденуіне жол ашу керек. Баланың айналасындағы жаратылыстың түртүсі, сұлулығы, жүйелілігі мен тәртібін аңғаруы Алла тағаланы тануға ынтасын арттырып, сүйіспеншілігін оятады.

Жеті жасқа дейін балалық кезеңде бала көргенін қайталағыш, еліктегіш келеді. Түрлі ойындарға құмартып, егер сіз онымен ойнасаңыз, ол да сізбен ойнағысы келіп тұрады. Бұл жастан асқанда санасезіміне, ұғымталдығына қарай ұлттық әрі рухани құндылықтарды жайлап сіңіре бастайтын уақыт келеді. Бұл – нағыз Құранды үйрететін кезең. Бұдан кейін оның парасат пайымына қарай харам мен халалды ажырата білуге үйренетін кезең келеді, бұл кезеңнің мерзімі де әуелгісіндей деуге болады.
Ендігі жерде оны қолынан жетектеп, сол өмірге қадам бастыру керек. Оны кейде түсіндіру, ынталандыру, қызықтыру арқылы, енді бірде ескерту жасау арқылы іске асырасыз. Демек, белгілі бір жасқа дейін көбінесе үлгі-өнеге болу арқылы санасына сіңдіретін болсақ, одан кейін ақыл деңгейі мен ойлау қабілетіне қарай мәселелерді ашып, түсіндіре бастағаныңыз жөн.

материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: