27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ер кісінің міндеттері: Жұбайын орнымен қызғану

Ер кісінің міндеттері: Жұбайын орнымен қызғану

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отағасының отбасы құлшылығына жауаптылығының деңгейі олардың Исламды танып, білуін қадағалаумен ғана шектелмейді. Үй ішіндегі жандардың қай-қайсысының да харам жасауына көз жұмып қарамай, мұндай іске қарсы тұрып, жирендіру де басты міндеті. «Қызды қырық үйден тыю» дегендей, қыз балалары мен əйелінің келте киініп, кез-келген ер кісімен емін-еркін араласа беруіне жол бермей, отбасын сұқ көздерден қызғыш құстай қорғау ер азаматтың намысты ісі.

Бүгінгі таңда қалың жұрттың демалыс орны жағажайларда əйелімен, қызымен жартылай жалаңаштанып шомылып жүрген ер кісілерді көргенде, адамзаттан қызғаныш сезімі біржола кетейін деген бе деп қаласыз.

Жалпы қызғаншақтық дегеніміздің өзі жағымды жəне жағымсыз болып екіге бөлінеді.Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір хадисінде «Қызғанудың екі түрі бар. Біреуін Алла тағала жақсы көреді, екіншісін жек көреді. Аллаһтың жақсы көрген қызғанышы күмəн мен жамандыққа бастайтын амалдар кезіндегі қызғаныш, ал жек көргені жамандық белгісі жоқ жерде де қызғану» деп, орынды-орынсыз қызғанудың ара-жігін ажыратып берген-ді.

Өмірлік серік болғандықтан əйел мен еркектің бір-бірін қызғана білуі де жақсы қасиет. Бірақ бұл қызғаныш отбасының бақытын, арын сақтау мақсатында ғана болуы керек. Əйтпесе, қызғану деген осы екен деп үйге кештетіп оралса да, əлдекіммен сөйлесіп қалса да тергей жөнелу мұсылмандарға тəн қасиет емес. Кейбіреулерде қызғаншақтық психологиялық ауруға ұласып, нəтижесінде өмір есігін жаңа ашқан өз перзенті жайлы да «Басқа біреуден болып қалған жоқ па екен?» деген жан түршігерлік күмəнді ойға да баруы мүмкін. Сондықтан ерлі-зайыптылардың бір-бірін бостан-босқа кінəлауына шариғатта рұқсат жоқ.

Бірде мынадай бір оқиға болған екен. Аққұба өңді сахабаның əйелі бала көтеріп, тоғыз айдан соң перзентін дүниеге əкеледі. Алайда сəби терісінің қара түстілігі сахабаға түрлі ой салып, əйелінен күмəндана бастайды. Ақырында Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) келіп жағдайды баяндайды:

– Əйелім босанған еді. Балам қара нəсілді болып шықты. Тіпті не дерімді де білмеймін, –

дейді. Сонда Пайғамбарымыз:

– Сенің түйелерің бар ма? – деп сұрайды.

– Иə, – дейді сахаба.

– Олардың түсі қандай? – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм).

– Қызыл, – деп жауап қатады сахаба.

– Олардың арасында боз түйе бар ма?

– Иə, бар.

– Ол қайдан шықты?

– Бəлкім енелерінің біріне тартқан шығар.

– Балаңның да түсі аталарыңның біріне ұқсауы мүмкін, – деп жауап береді сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм). Мұны естіген сахабаның күдігі сейіліп, жаны жай тапқан екен.

Гуманистік көзқараспен сараптасақ та қызғаныш ұғымы əдептілікке жақын категория. Сондықтан қызғанышты ұят пен ардың бір көрінісі ретінде бағаласақ, артық айтқандық емес. Қызғану деген ұғым санасынан өшіп, дағдысынан жоғалып, əдептілікті естен шығарған кейбіреулерге қарап осыны ойлаймыз. Біз бұл тұста батыс қоғамы мен соларға еліктеп, өздерінзаманның талабына сай өмір сүрушілер қатарынан санап, əйелін, қыз-балаларын бөтен еркектерден қызғанғандарға «Қызғаншақ, жабайы» деп айдар таққандар туралы айтып отырмыз.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) «Мына үш түрлі адам Жəннатқа кірмейді: дəйюус, еркекшора əйел, ішімдік құмар» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ішімдік құмарды білеміз, ал дəйюус деген кім?» – деп сұрағанда. «Əйелі мен бала-шағасы отырған үйіне кімнің кіріп-шыққанына мəн бермейтін (əйелі мен қыздарын қызғанбайтын) адам», – деген жауап естиді. Бұл хадис «өркениеттің» осы бір қырының қаншалықты пасықтық екенін көрсетеді.

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: