26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Неке – кедейліктен арылудың жолы

Неке – кедейліктен арылудың жолы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Үйленуге ниеттенген адамға Алла Тағаланың көмегі жетеді. (Тирмизи). Неке – шашылудың емес, кедейліктен құтылудың бір жолы.  Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким); «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми).

Бұл өсиеттерді сахабалардың сөздері толықтыра түспек: Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерің үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят).  Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) осы аятқа байланысты «некеден ризық-несібе күтіңіздер» деп үндеу тастайды.

Имам Қуртуби (оған Алланың рақымы болсын) жоғарыдағы аятқа байланысты: «Әйелдің немесе еркектің кедейлігіне байланысты үйленуді кейінге қалдырмаңыздар, егер олар кедей болса Алла өз ризығымен байытады. Бұл уәде – Алла разылығы үшін үйленгісі келетіндер мен оның тыйымдарынан бас тартатындар үшін» деген екен.

Келесі бір ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді» деген.

Сөзсіз, Алла разылығы үшін үйленген жігітке әйелінің және бала-шағасының ризығы жетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орталарындағы әлсіздердің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?» деген екен (Бұхари).

Демек, үйлену – мал-дүниеге береке әкеледі екен. Еркек жанұямды бағамын деп, әрекет жасап, жұмыс істеп, Аллаға тәуекел ете білсе, оның ісін Алла Өзі реттеп, мал-дүниесін молайтады. Тапқаны аз болса да мәні мен сәнін арттырады, рақатын көруді нәсіп етеді.

Тәуекел – иманның тазалығы мен күшін сипаттайтын жүрек амалдарының ең маңыздысы. Шынайы әрі ұлы үміттер ешқашан алданбайды. Алла ісін Өзіне тапсырғанды қорғауына алып, жақсылыққа жолын жеңілдетеді, қайғы мен мұңнан құтқарады. Ал дұға – кез келген тілегін қолына түсіруге мүмкіндік беретін мұсылманның қаруы.

ummet.kz

Бөлісу: