26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Балаға ат қойғанда нені ескеру керек?

Балаға ат қойғанда нені ескеру керек?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Себебі, балаға есім беру – жауапкершілігі мол іс.

Ол оның тағдырына, өміріне белгілі бір дәрежеде әсер етпей қоймайды. Адамның аты – бұл дүниеде және арғы дүниеде өзімен бірге жүретін рәмізі іспетті дүние. Ғұламалар: «Егер адам баласына жақсы ат қойылса, оның жоғары өрлеуіне жартылай себепші, ал қалғаны – өзінен», - деген екен.

Сахаба Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте былай делінген:

«Баланың әкесінде үш хақысы бар:

1) Жақсы ана таңдап беру;

2) Жақсы есім қою;

3) Жақсы тәрбие беру»

Жақсы есім – баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Оған өзінің есімінің артықшылықтарын айтып, өзімен аттас тұлғалардың өмірі, жеке қасиеттері туралы жиі әңгімелеп отырған жөн. Сонда ғана бала сол адамға еліктеп, оның ізгі қасиеттерін өз бойынан көрсетуге тырысатын болады.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – Абдулла мен Абдурахман, ең шыншылдары – Харис және Һаммам, ал ең жиіркеніштілері – Харб пен Мурра», - деген. (Муслим, Ахмад).

Мұндағы Харис – «егінші» (яғни, әркім жақсы-жаман амалының өнімін арғы дүниеде алу үшін бұл дүниеде егінші секілді өмір сүреді), Һаммам – «қам жасаушы» (әр адам осы дүниесін не арғы дүниесін жақсарту үшін қам жасайды), Харб – «соғыс», ал Мурра – «ащы» (Ібілістің бір аты) деген мағыналарды білдіреді.

Сондықтан да біздің бабаларымыз ат қоюға ерекше мән беріп, оның тарихта аты қалған ізгі адамдарға еліктеуін ойлаған. Мысалы, Абайдың шын есімі – Ибраһим, яғни Ибраһим пайғамбардың (а.с) аты. Ыбырай Алтынсариннің де есімі осы пайғамбардың атына қойылған. Шоқан Уәлихановтың шын аты – Мұхаммедханафия, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да есімі Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атына үйлестіріліп қойылған. (Махмұд - Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) лақап аттарының бірі), Міржақып – Яқуб (Жақып) пайғамбардың есіміне қойылған. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер Қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар», - деген (Әбу Дәуд).

ummet.kz

Бөлісу: