Қасиетті Құран Кәрімде: «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Алла бірін-бірінен артық қылды...» («Ниса» сүресі, 34-аят) делінген.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятқа қатысты былай деді: «Яғни еркектер - әйелдердің билеушілері (әмірлері) әрі әйелдер оларға Алла бұйырған нәрселерде мойынсұнады. Әйелдің күйеуіне бағынуы оның отбасына жақсы қарым-қатынас жасауын және мал-мүлкіне құнтты қарауын да қамтиды».
Ердің отбасында басшы болуының сыры – əйеліне көркем мəміле жасай алуында жатыр. Ақыл, ой-пікірінің жетіктігінен және қиындықтарға төзімділігінен ер кісі отбасының басшысы болып табылады. Бұл əйелдердің ақылы кем деген сөзді білдірмейді, əрине. Ер адамға басшы болу жауапкершілігі жүктелгендіктен, кездесетін кейбір қиындықтарға төзіп, кейбір кемшіліктерге көз жұмып, өзін сабырға үндеуі қажет болады. Ал, әйел заты, негізінде, табиғатынан бітім-болмысы әлсіз, сезімге жақын, сүйеніп өмір сүруді ұнататын жаратылыс. Егер ер адам əйел затын әрбір нәрсеге есеп ете берсе, əйел еш нәрсе істей алмай қалады. Ал оның қисықтығын түзету – оны сындырып алуға апарып соғады. Оны сындырып алу – онымен ажырасу. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Әйелдерге жақсылықты өсиет етіңіздер. Өйткені олар қабырғадан жаратылған. Қабырғаның ең қисығы – ең жоғарыдағысы. Оны түзулеймін десеңіз, сындырып аласыз. Ал, қоя берсеңіз, қисық күйінде жалғаса береді. Сондықтан әйелдерге жақсылықты өсиет етіңіздер». (Бұхари және Муслим жеткізген)».
«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың баққандарыңа жауапкершілік көтересіңдер». (хадис Бұхаридан)
ummet.kz