Хадиша анамыз – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ақылды, әділ, сенімді, аманатқа берік турашыл мінезіне қарап, оған өзін жар болуға ұсынған ақылды әйел.
Араларындағы жас алшақтығына қарамастан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен Хадиша анамыз жиырма бес жыл бойы бірге ғұмыр кешкен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хадиша анамыздан Қасым, Абдуллаһ атты екі ұл мен Зәйнәб, Руқайя, Умму Кулсум және Фатима есімді төрт қыз сүйген.
Хадиша анамыз Аллаға және Оның пайғамбарына (с.ғ.с) иман келтіріп, Исламды қабылдағандардың ең алғашқысы болды. Ол күйеуіне мүшріктер тартқызған тауқімет азабын иық тіресе көтерісті, ауыртпалығын жеңілдете жүріп, бар күш-жігерін сарқа қолдады. Мұсылмандардың саны артқан сайын зорлық-зомбылықтардың да үдеген тұсында Хадиша анамыз Алла елшісін (с.ғ.с) талмай қорғап, ылғи да оны сабырлылыққа шақырған. Екеуі балиғат жасына жетпеген ұлдары Қасым мен Абдуллаһтан айырылады. Бұл орны толмас қасірет болса да, өздерін сабырлы ұстап, қайғының меңдеуіне жол бермейді. Хадиша анамыз бұл ықыласы үшін көзі тірісінде-ақ Жәннатпен сүйіншіленген жандардың қатарында!
Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Шындығында, Алла оны (Хадишаны) жаннаттағы ың-шыңы жоқ, бейнетсіз, жақұтпен безендірілген інжу сараймен сүйіншіледі – деген. (Бұхари, Муслим)
Хадиша анамыз һижра жыл санауынан үш жыл бұрын, яғни алпыс бес жасында дүниеден өтеді. Сүйікті асыл жарының орны толмас бұл қазасы Алла елшісінің (с.ғ.с) жанына қатты батады. Сахаба Әбу Талиб пен Хадиша анамыз дүние салған бұл жыл тарихта «Амул-хузн», яғни қайғы жылы, қаралы жыл деген атпен қалған. Айша анамыз: «Пайғамбарды Хадишадан қызғанғанымдай басқа әйелдерінен қызғанған емеспін. Оны әсте көрмегенмін де. Кейде мен Пайғамбарға (с.ғ.с):
– Тура дүниеде Хадишадан басқа әйел болмағандай, – деп айтып қалатын едім. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): Ол – ол еді ғой... Ол – ол еді ғой... мен одан перзент сүйдім, – дейтін.
Оны әр күні еске алғанына мен бірде қызғаныш білдіріп:
– Неге сонша сол қызыл иек (кемпірді) айта бересің? Алла Тағала оны саған одан жақсы біреумен (өзін меңзеп тұрғаны) алмастырған жоқ па? – дедім.
Ол (с.ғ.с) ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Алла маған одан жақсыны бермеді. Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді, адамдар мені жалғаншыға шығарғанда, ол мені растады, адамдар мені (мал-дүниеден) айырғанда, ол мені өз дәулетімен жұбатты және одан Алла маған әйелдердің басқасынан нәсіп етпеген бала берді», – деп жауап қайтарды», – деген (Ахмад).
ummet.kz