Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
«(Уа, Мұхаммед! Саған келіп Алла тағаланың сипаттарын сұраған мүшріктерге) Алла жалғыз, (сонымен қатар) Ол – самад, әрі Ол – тумады да туылмады, (сондай-ақ) оған ешбір теңдес жоқ!», - деп айт! («Ықылас» сүресі, 1-4 аяттар).
Сүренің түсу себебі:
Имам Ахмет және имам Тирмизи жеткізген хадиске сүйенсек, мүшріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Мұхаммед! Бізге Раббыңның қайдан шыққандығы айтып бер!», - деседі. Сол сәтте Алла тағала Мұхаммедке (с.ғ.с.) «Ықылас» сүресін түсіреді.
Сүренің тәпсірі:
«Уа, Мұхаммед! Саған келіп Раббыңның, яғни Алла тағаланың сипатын, тегін сұраған яһудилер мен мүшріктерге былай деп жауап бер!
«Ол Алла жалғыз. Оның теңдесі жоқ. Ол затында болсын, сипаттарында болсын ешкімге ұқсамайды. Иә, сендер жеті қат көк пен жердің жаратушысы ретінде мойындайтын Алла жалғыз, дара. Онымен бой жарыстырар, құдірет таластырар ешкім жоқ»! (1)
«Уа, Мұхаммед! Сонымен қатар сен бұл Раббыңның «Самад» екендігін айт! Яғни күллі махлұқаттың мұқтаждығын өтеуші екендігін тілге тиек ет! Өйткені, Ол – аса құдіретті. Сондай-ақ, Оның ешкімге мұқтаж емес екендігін де айтып қал! (2)
«Уа, Мұхамед! Сен оның тегін сұрағандарға былай деп жауап бер!
«Ол тумады. Яғни оның баласы жоқ. Өйткені, Ол – әзәли, қадим (яғни ежелден бар). Әрі Ол туылмады. Яғни Ол біреуден туылмады. Өйткені, Оның оған мұқтаждығы жоқ! Жеті қат көк пен сендерді жаратқан Аллаға баланың қандай қажеттілігі бар? Ойланып көрсеңдерші! (3)
«Уа, Мұхаммед! «Сен Оның теңдесі жоқ екендігін, ұқсас біреудің жоқ екендігін айтып қал! Иә, құдіреті шексіз Алламен кім жарысар? Кім күш байқасар? Ешкім жоқ емес пе? Ей, мүшріктер, яһудилер! Неге ой жүгіртіп, тоқтамға келмейсіңдер?», - деп айт! (4)
«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы