Имам Муслим хадис жинағында екі дүние Cұлтанының (с.ғ.с.):
«Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда Алла Тағалаға жағымды әрі қайырлы. Бірақ екеуінде де жақсылық бар. Өзіңе пайдалы іске ұмтыл. Алла Тағаладан жәрдем сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір іске тап болсаң «егер мен былай етсем былай және былай болар еді» деуші болма, керісінше Алла Тағала тағдырыма осылай жазған екен, Алланың қалауы болды деп айт», - дегені келтіріледі. Жалғасында «егер» шайтанға есік ашады», - деген сөзі Әбу Һурайра (р.а.) риуаятымен жеткізілген.
Бұл хадисте үш әмір бар:
- Иманды күшейту;
- Пайдалы іске ұмтылу;
- Алла Тағаладан жәрдем сұрау.
Және екі істен тыюда:
- Әлсіздік;
- Ұнамайтын іске тап болғанда немесе қалағанына қолы жетпей қалғанда «егер былай еткенімде басқаша болар еді» деген сөзді айтпау, бұл сөз шайтанға жол ашады.
Көрсетілген қасиеттердің қай-қайсысында болмасын әлсіздік танытқан мұсылманнан қажыр-қайратына сүйеніп, күшті болуға яғни сол қасиеттерді орнымен қолдануда басымдылық көрсеткен мұсылман Аллаға әлдеқайда жағымдырақ екен.
Ummet.kz